Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жастарға жігер берді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбавтың ел халқын жігерлендіру, бірлікке шақыру мақсатында жасаған бұл жолғы үндеуі бұрынғыдан өзгерек болды.

Себебі, бұл үндеуде жәрдемақыны көбейту, зейнетақыны өсіру сияқты әлеуметтік мәселелер емес қиын сәттегі халықтың бірлігі, рухани жағынан мықты болу, сынақтан сынбай өту бағытында көптеп айтылды. Бір сөзбен айтқанда халыққа жігер беріп, бұл сыннан ауызбірлікпен өтуге болатынын көрсетті. Сондай-ақ, Елбасы өз үндеуінде біз сияқты жас буынға ерекше салмақ салып, арнайы тоқталды.

Үндеуде «Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар» деп, бізге бағыт-бағдар беріп, ел болашағы жастардың қолында екендігін тағы да баса айтты.

Осылайша, Елбасының салмақты да, салихалы сөздері біздерге жігер беріп, көңілімізді көтерді. Әрине, осындай қиын-қыстау сәтте елге көмек қолын созып, қайырымды іс жасаудан жастар қалыс қалып жатқан жоқ. Соның ішінде, Миялы, Сағыз, Мұқыр, Жамбыл, Ойыл ауылдық округтері жастарының жасап жатқан жұмыстары орасан. Олар елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері әр апта сайын тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар таратып жүр.

Әр жылы туған ауыл жастары қайырымдылық эстафетасы арқылы біраз отбасыға көмек қолын созып келеді. Одан бөлек, осы аты жаман аурумен күресіп жатқан полиция мен дәрігер қатарында да көптеген жастарымыз жүр. Олардың да бар ойы, басты мақсаты – елді жаман індеттен сақтау. Міне, осындай жақсылыққа құмар жастарды Елбасының үндеуде айтқан жалынды сөздері одан сайын жадырата түсті. Осы үндеуден жігер алған жас буын алдағы уақытта бұдан да қайырлы, игі істерді жалғастыра беретін болады.

Амангүл ЖЕКЕНОВА,

белсенді жас

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521