Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сабырлы жетер мұратқа

Дүние жүзіне тараған короновирус дерті Қазақстан түгілі ең дамыған деген алып мемлекеттердің өзін әбігерге түсірді. Күн сайын әлем бойынша аурудан мыңдаған адам көз жұмып, ауырғандар саны өте жылдам өсіп жатыр.

Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде абыржыған ел халқына рухани тұрғыда қолдау керек болып тұрған еді... Соны жете түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқын бірлікке шақыра отырып, үндеу жолдады. Үндеуді оқи отырып, елін сүйген шынайы жүрекпен жазылғанын ұқтық.

Үндеудің кіріспесінде қандай жағдайда да өз халқымен бірге болатынын айтқан Елбасы қазақ халқының басынан бұдан қиын кезеңдер өткенін тілге тиек етіп, сабырлық пен ауызбірлік болса бұл сыннан да өтетінімізді жеткізді. Сондай-ақ, Елбасы өз үндеуінде еліміздің өркендеп, аяқтан тұруы жолында жасалған жұмыстарға да тоқталып, адам өмірі ең басты байлығымыз екендігін атап өтті. Бұған Елбасының «Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі», – деп нақты жазылған.

Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар салдық. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткіздік және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық.

Осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда» деген сөзі дәлел. Бұл сөзден біз мемлекеттің қандай қиын кезеңнен де халықты алып шығатын күш-қуаты барын түсіндік.

Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері мен жастарға, кәсіпкерлерге осындай қиын кезеңде елмен бірге болып, халыққа қол ұшын созу керектігін баса айтты. Ендеше, Елбасының үндеуіне қолдау білдіре отырып, аудан халқын бірауыздан сабырлы, тәртіпті болуға шақырамын. «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген халқымыздың нақыл сөзіне құлақ асайық, сабырлы болайық!

Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ,

аудандық мәслихат депутаты

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521