Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Көңілдегі күдікті ойды сейілтті

Қазіргі таңда бүкіл әлемде қалыптасқан күрделі жағдай көпшілікті алаңдатып отырғаны рас. Күн сайын «Пәлен науқас тіркелді, түген адам қайтыс болды» деп келіп жатқан ақпараттар ағыны жүйке мен жүрекке салмақ салмай қоймайды.

Осы орайда, тұтас әлемнің дегбірін қашырған дерт бәрімізді де күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Міне, осындай қиын сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген тақырыпта үндеу жолдап, халықты сабырға шақырды. Елбасы өз үндеуінде «Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды.

Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн» деді. Расымен де, қазір осы дертпен күресте мемлекеттік органдар жан аямай жұмыс жасап жатыр.

Апталап, айлап үйіне бармай, жұмыста жүрген дәрігерлер мен полициялар қаншама? Елбасы осылардың еңбегін айта келіп, осындай еңбегі ерен жандарға бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн екенін айтты. Әрине, қолдаймыз, құптаймыз. Мемлекет белгіленген ереже мен тәртіпке бағынамыз. Ең басты қуаныш – осындай күрделі жағдайда Елбасы халқымен бірге екенін көрсетті. Елбасының үндеудегі халыққа жігер беретін сөздерді оқи отырып, көңілдегі көптеген күмәнді ойлардан арылдық.

Әсіресе, «Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ» деген сөзін оқығанда арқамыздан ауыр жүк түскендей болды. Ендеше, «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқына бұл қиындықтан да шығатын күн алыс емес. Тек осы бір сәтте елдігімізді танытып, аурумен күресіп жатқандарға қолдау білдірейік. Бекітілген тәртіп пен енгізілген ережеге бағынып, өзімізді, отбасымызды сақтайық, ардақты ағайын!

Мақсот КАРИН,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Сурет: ашық дереккөзден 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521