Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жас сарбаз — ел қорғаны

Отан алдындағы абыройлы міндеттердің бірі – әскери борышты өтеу.
Ал жастардың оған дайындығы мен қызығушылығы қандай?
Осы сауалдарға жауап іздеген Атырау облысы ҚХА Махамбет аудандық Аналар кеңесі Махамбет аудандық орталық кітапхана ұжымымен бірлесіп, «Жас сарбаз -ел қорғаны» атты іс-шара өткізді. Кездесу
7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мен Аналар кеңесінің «Ақ орамал» акциясын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Оған Ауған соғысының ардагерлері Сағындықов Бауыржан, Ізтелеуов Аманжан, Орынғалиев Қосымжан, Махамбет аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Нәсіпқалиев Нысаналы,
кітапхана басшысы Ізмағамбетова Шынар, Махамбет ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Сариева Тойған және мекеме қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.

Мақсат — жастарды отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, ел қорғаған ерлерге құрмет көрсетуді үлгі ету, әскери міндеттің қыр-сырымен таныстыру.
Кездесуде қатысушылар әскери өмірдің қызығы мен қиындығын, Отан алдындағы абыройлы борышты өтеудің маңызы туралы әңгіме өрбітті. Ал, сол соғыстан аман оралу, әскерден абыроймен қайтудың өзіндік ырым-жоралғысы ретінде ақжаулықты аналар жаулығының ұшына туған жердің топырағын байлап, сарбаздың жолына қарайлаған.
Иә, ертеден қалыптасқан наным-сенім бойынша жаугершілік заманда, бертін келе
соғыс пен әскерге аттанған батыр ұлдар мен жас сарбаздарға аналары елге аман оралсын деген ізгі ниет, аналық тілекпен Ақ орамал ұсынған. Ана алақанының ыстық табы қалған орамалдың киесі елге сағынышты еселеп, аман-есен оралуға себепші болғандай қадірі болған.
Ақ орамалдың осындай қадір-қасиетін жастарға түсіндірген Тойған Қалимқызы Ассамблея жанынан құрылған Аналар кеңесінің жұмысы туралы да әңгімеледі,
ол ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығын насихаттау жолында қоғамдық жұмыстарды белсенді атқарып келетін ауылдық округтердегі Аналар кеңесінің жұмыстарын санамалап өтті.
Ал, Нысаналы Нәсіпқалиұлы жастарды әскерге дайындау, азаматтық борышын өтеуге қатысты міндеттемелерді жан-жақты түсіндірді.
Ауған соғысының ардагерлері де зұлмат заманның қасіретін еске алып, ер-азамат, жас сарбаздардың қашанда ел қорғаны екеніне баса назар аудартты.
Өз сауалдарына жауап алған жастар құнды кеңестері үшін ел ағаларына ризашылық білдіріп, зор құрмет көрсетті.
Кеш қонақтарына
мерекелік көңіл-күй сыйлаған жас домбырашылар ұстаздары Шағылбаев Жолдас Іңірғалиұлымен бірге домбыра шанағынан күмбір күй төгілтті.

Айгүл Бақтыгерейқызы
Махамбет ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT