майдангер есімі елеусіз қалмасын... 80 жыл өтсе де, Ұлы Жеңістің жаңғырығы ел есінен өшкен емес.
Сол қанды қырғында от пен оқтың ортасынан аман оралып, кейінгі бейбіт өмірге үлес қосқан майдангерлер аз болмады. Солардың бірі – тағдырдың талай тауқыметін тартса да рухы сөнбеген, қайсар жан – Тажмағамбетов Бердіқожа Тажмағамбетұлы. Ол 1924 жылы қазіргі Атырау облысы, Бақсай ауданы, Есбол ауылында дүниеге келген. Жасынан зерек, білімге құштар болып өсіп, бухгалтерлік курсты аяқтап үлгерген шағында тағдырына қасірет болып жабысқан «халық жауының баласы» деген таңба оның өмір жолына кедергі болып, майданның алғы шебіне сұраусыз аттандырылады. Ажалмен бетпе-бет келіп, қан майданнан аман шыққан ол 1944 жылы І топ мүгедегі атанып, елге жаралы күйде оралады. Өкініштісі сол, тағдырдың тар жол, тайғақ кешуін бастан кешірген майдангер Ұлы Отан соғысынан жаралы оралса да, ешбір жеңілдікке қол жеткізбеген.
Архив деректерінде Бердіқожа Тажмағамбетұлы 1942 жылы әскерге шақырылғандардың тізімінде бар. Аудандық мұражайда майдангердің соғыста жүріп, үй-ішіне жазған хатта¬ры да сақталған екен. Алайда аудандық Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тізіміне уақытында тіркелмеген болып шықты. Бұған сол баяғы «халық жауының баласы» дегенді сылтау етсе керек. Не себепті олай болған десеңіз, ертеректе әкесі Тажмағамбет Мәстековтің асыра сілтеу салдарынан жазықсыз жалалы болуынан басталған еді. Ол туралы газетіміздің алдағы сандарында кеңірек жазатын боламыз. Әңгімемізді Ұлы Отан соғысына қатысса да, бірақ ресми тізімдерде осы күнге дейін аты алмай келген майдангер Бердіқожа Тажмағамбетов жөнінде жалғастырсақ. Редакциямызға Тажмағамбетовтер отбасы жайлы құжаттар толы сөмкесін арқалап, Атырау қаласынан ішкі істер қызметінің ардагері Тажмағамбетов Жоламан Аманқожаұлы келген болатын. Ол көп жылдан бері арғы аталары жайлы іздестіріп, олардың ескерілмей қалған есімі мен ерлігін көпшілікке таныстырып, кейінгі ұрпаққа аманат етуді қолға алған. Жазықсыз жалаға ұшырап, соның салдарынан ескерусіз қалған аталары жайлы деректер жинауға шын¬дап кіріскен Жоламан аға облыстық, аудандық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, ҚР Президентінің архиві одан әрі Ре¬сей Федерациясының орталық мұрағаттарына жолдаған іздестіру жұмыстары бойынша қолына дәлелді анықтама құжаттарын алған. Ресей Федерациясының орталық мұрағатынан келген хатта: «Автомат¬чик 849 стр. полке красноармец Ташмагомбеков Беригуша, 1924 г.р., домашний адресс: Казах АССР, Гурьевская обл., Баксайский р-н, Испульский с/с, призван 18.10.1942 г., на фронте Великой Отечественной войны 21 августа 1943 г., получил сквозное пулевое ране¬ние 1-3 левой голени с повреждением малой берцовой кости, по поводу чего находился на излечений в госпитале с 6 сентября 1943 г. из которого выбыл 23 марта (го не указан) домой. 849 стерл¬ковый полк 303 стрелковой дивизии 57 армии 64 стрелкового корпуса на момент раненеия Тажмагамбетова (Ташмагомбекова) Б.находился на Степном фронте» деп жазылған. Соғыста жараланып, елге келгеннен кейін Есбол колхозында есепші болып, еңбек етіп жүрген Бердіқожа Тажмағамбетов 1947 жылы Жайық өзенінің тасыған шағында ағын судың құрбанына айналды. Ат үстінде келе жатқан ол оқ тиген жаралы аяғын үзеңгіден шығара алмай, жанұшыра жанталасып, атымен бірге суға батып кеткен көрінеді. Артында аяулы жары мен тоғыз айлық ұлы Хамидолла ғана қалады.
Соғыс ардагерінің артында қалған жалғыз тұяғы Хамидолла 1946 жылы өмірге келген. Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін 1967 жылы бітіргеннен кейін ауданның білім беру саласында, аудандық партия комитетінде, аудан әкімі аппаратында абыройлы еңбек етеді. Махамбет орта мектебінде орыс кластарына физика, математика пәндерінің мұғалімдік қызметінде болған жылдары елімізге белгілі адамдарға ұстаздық еткен екен. Олардың қатарында жерлесіміз, қалың жұртшылықтың алғысына бөленген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетов та бар екен. Осындай үлгілі шәкірттер тәрбиелеп, партия комитеті мен аудан әкімдігінің жұмысын жауапкершілікпен атқара білген Хамидолла ағамыз халқының қалаулы, елінің елеулі азаматы атанған шағында өмірден өтті. 1970 жылы Бөбек бас қосып, шаңырақ көтереді. Бауырынан тараған Қосаман, Қайрат, (Нұрлан 2000 ж. қайтыс болды), Ерлан, Бауыржан есімді ұлдары бүгінде ержетіп, әр түрлі салада қызмет атқаруда. Жұбайы және ұрпағы бүгінде Махамбет ауылында тұрып жатыр. Бердіқожаның артынан ерген інілері Аманқожа, Хайролла, қарындасы Ақмәнат та өмірде талай теперіш көрген. Олар да «халық жауының баласы» деген қара күйенің зардабын тартып, оқуға түсе алмай, өмір жолын күреспен жалғаған. Соған қарамастан, білімге деген құштарлықтарын сөндірмей, кейіннен өз салаларында елге еңбек етіп, ұрпақ тәрбиеледі. Аманқожа Тажмағамбетов 1932 жылы туған. Орта мектепті тәмамдап, Орал, Ақтөбе қалаларына оқуға түскенімен «халық жауының баласы» деген аты оны оқудан айырды. 1951 жылы Гурьев ауыл шаруашылығы тех¬никумына түсіп, бұл да аяқсыз қалып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Елге келгенде қысқа мерзімді жүргізушілер даярлайтын курстан өтіп, Зауральный кеңшарында машина тізгіндейді. Арада біраз жылдар өткенде өмірлік серігі Болған Құлбайқызын жолықтырып, отбасын құрады. Жұбайы Болған апамыз өмір бойы егіншілікте еңбек еткен. Оның бір кездегі егін алқабын судан аман алып қалғандағы ерлігін бірге қызметтес болған замандастары әлі күнге айтып отырады. Өзінің іскерлігімен танылған Болған Құлбайқызы бірнеше рет сайланбалы орындарға депутат болып сайланып, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болған. Ел қамы үшін еңбек еткен анамызға «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл» мерекелік медалі ғана бұйырған екен. Отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. 1935 жылы туған Ақмәнат Тажмағамбетқызы Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институтқа түскенде оны «халық жауының қызы» деп қаралап, оқудан шығарып жібереді. Кейін Гурьев қаласындағы кітапханашылар да¬ярлайтын бір жылдық курстан өтіп, мамандығы бойынша қызметке орналасып, жоғары оқу орнын сырттай бітірген екен. Одан кейінгі жылдар өзі секілді «халық жауының ұлы» деп атанған ұлағатты ұстаз Мақсот Оңдағановпен отбасылық өмірге қадам басады. «Халық жауы» атанған Тажмағамбет атамыздың үшінші ұлы Хайролла 1936 дүниеге келген. Мектеп бітіре сала колхоз жұмысына кіріскен ол кейін әскер қатарына шақырылады. 1958 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетіне еш кедергісіз оқуға қабылданып, 1963 жылы аяқтап, мамандығы бойынша орта мектептерге мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып, абыроймен қызмет етеді. Міне, осындай тағдырлы жандардың өмірі – тек отбасы шежіресі ғана емес, халқымыздың кешегі қилы замандағы қайсарлығының көрінісі. Ерлік тек майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірдегі адал еңбекпен де өлшенеді. Тажмағамбетовтер отбасының өмір жолы – соның айқын дәлелі. Ал бүгінде артында қалған ұрпағы кезінде «халық жауы» деген жазықсыз жаладан жапа шеккен аталарына, әкелі-балалы Мәстеков Тажмағамбет Есенқараұлы мен оның ұлы Тажмағамбетов Бердіқожа Тажмағамбетұлына өздері туып-өсіп, еңбек еткен Махамбет ау¬даны елді мекендерінің бірінен көше атауы берілсе деген тілекте.
Б.САПАРОВА