Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республика халқына өз Үндеуін жариялап, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұдан былай орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалмақ. Алдағы сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Президент өз Үндеуінде:
«Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады. Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді» деген болатын.
Шындығында, мәслихаттар сайлауының жаңа бағытта ұйымдастырылуы саяси партия жұмыстарын жандандыруға үлкен септігін тигізеді. Еліміздің дамуы үшін саяси партиялардың жаңа бастамалары керек. Ал, халқымыз қашанда аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген. Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуға бастаған жаңғыру жолы болмақ. Ол үшін басты мақсатымыз да айқындалған. Әрине ол, елімізді өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Осы жолда аянбай еңбек ету біздің басты міндет болып қала береді.
Толқын БЕЙСҚАЛИ,
аудандық мәслихат хатшысы