Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады.
Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді» деген болатын. Бұл ретте, өткен аптаның сенбісі күні орманшылардың кәсіби мерекесіне орай Миялы ауылында тал егу акциясы өтті. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары қызметкерлерімен, еріктілер қатысып, 300 түп тал көшеттерін отырғызды. Бұл талдар А.Құнанбаев көшесінің бойындағы және Е.Нұршаев ықшам ауданының шығыс бетіндегі тал қоршауларына егіліп, суарылды.
– Ауылды көгалдандыру мақсатында егілген жас көшет көршілес Ойыл ауданынан әкелінді. Шаран, үйеңкі, терек, қарағай, қаратал көшеттерін отырғызуға жүзге жуық ауыл тұрғындары қатысты, - дейді Миялы ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықов.
Ал, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға және Тайсойған ауылдық округтерінде ұйымдастырылған тал егу акциясына екі жүздің үстінде адам қатысып, барлығы 420 түп тал көшеттері отырғызылды. Алдағы сенбі күні Сағыз ауылдық округі 300 түп, Мұқыр ауылдық округі 100 түп тал көшетін отырғызуға жерлерін дайындап, қоршауларын тұрғызуда.
Бауыржан САҚТАСИНОВ