Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жасаған Үндеуінде Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы 10 қаңтарда өтетінін айтып, арнайы Жарлыққа қол қойды.
Ал, сайлаудың ашық әрі әділ өтуін орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура қадағалайтын болады. Сондай-ақ, елімізде саяси науқанға дейін көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде іс-шаралар қабылданады. Яғни, саяси науқанға дайындық осы сәттен басталады деген сөз. Президент Үндеуінде маған ерекше ұнағаны алдағы сайлауда партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота берілетіні. Бұл расымен де қуанышты жаңалық.
Себебі, әйелдер мен жастардың еліміздегі қоғамдық-саяси өмірде алар орны ерекше. Егер мәжіліс пен мәслихаттан оларға орын берсек көптеген қордаланған мәселелер айтылып, түйіткілдер шешілер еді. Мәселен, әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы, жастар мамандық бойынша жұмыс табу сынды өз мәселелерін көтеріп, оны шешу жолында біраз тер төгері анық. Осыны жете түсінген мемлекет басшысы өз Үндеуінде әйелдер мен жастарға сенім білдіретінін жеткізді. Мен мұны жалынды жастарға жасалған жаңа мүмкіндік деп білемін.
Нұрбол БИЖАНОВ,
аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы