Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАҢА ЖҮЙЕ КЕРІ БАЙЛАНЫС ОРНАТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған індеттің жайылуына жол бермеу мақсатында елімізде қабылданған қашықтан оқыту жүйесіне аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдары да көшкен болатын.

Жаңадан іске қосылған жүйе болғандықтан қашықтан оқытуға байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаров пен аудандық желілік техникалық учаскесінің басшысы Ақылбек Тәжіғұл аудан әкімдігінің инстаграмм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы онлайн-брифинг өткізіп, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

– Мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға қаншалықты дайын?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Оқушыларды қашықтан оқытуға 100 пайыз дайынбыз. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті пысықталуда. Қазіргі таңда оқушыларды теледидар арқылы және интернет жүйесі арқылы оқыту жұмыстары ұйымдастырылуда. Қашықтан оқытудың жаңа форматы бойынша «Балапан» және «Ел арна» телеарналары бізге эфирлік уақытын ұсынды. Ал, интернет жүйесі оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, онлайн сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасаса, бір жағынан балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалана алады.

– Үйімізде интернет желісінің жоқ болуы балаларымды қашықтан оқытуға кедергі болайын деп тұр. Сондықтан, тиісті мекеме мамандары интернет желісін қосып берсе деймін.

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Интернет желісін қосу үшін алдымен үйде телефон нүктесі болуы керек. Егер үйде телефон нүктесі болса аудандық желілік техникалық учаскесіне сұраныс беріледі. Сұраныс арқылы, ішкі желілері өлшеніп, техникалық мүмкіндігі анықталған соң екі күн ішінде интернет желісі қосылады.

– Wi-Fi желісі, компьютері жоқ оқушылар қалай оқиды?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда компьютер жетіспеушілігі орын алуы ықтимал. Бұл мәселенің шешімін табу үшін аудан мектептеріндегі 194 компьютер оқушылар мен мұғалімдерге беріледі. Мектеп директорына қолхат беру арқылы компьютерді алып, пайдалануға болады.

– Сағыз ауылындағы Қ.Смағұлов көшесіне интернет желісі қашан қосылады? Балаларды қашықтан оқытуға қиындық келтіруде. Сондай-ақ, «Билайн» жақта Wi-Fi желісі дұрыс ұстамайды. Неге?

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Жалпы, Сағыз ауылы бойынша интернетпен қамтылу 60 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта 130-ға жуық сұраныс тіркеулі. №3 ауыл, «Билайн», «Атырау-Жарық» ықшам аудандарында интернет желісін жүргізуге техникалық мүмкіндіктері жоқ. Бұл ықшам аудандарға құрылыс жұмыстарын (байланыс бағанасын орнату, абоненттік кабельдер тарту) жүргізу үшін облыстық дирекцияға сұраныс берілді. Бірақ бұл мәселе әзір шешілмей тұр.

– Ауданда «Актив» пен «Билайнның» 4G (төртінші буынды желісіз байланыс) байланысын қоюға болмай ма?

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Аудан бойынша 4G байланысы тек Миялы ауылында қойылған. «Қазақтелеком» компаниясы осы дербес операторларға байланыс қуатын арттыру және кеңейту бағытында ұсыныс жіберді. Қалған елді мекендерде 3G мобильдік операторы жұмыс жасайды.

– Төтенше жағдай кезінде педагогтардың еңбекақысында өзгеріс бола ма?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Педагогтардың еңбекақысында өзгеріс болмайды. Тариф бойынша бекітілген еңбекақыларын ала береді.

– Шағын жинақталған мектеп оқушылары мектепке барып оқуға бола ма?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Аудандағы 18 мектептің төртеуі (Тасқұдық, Кенбай, Жантерек, Жамансор) шағын жинақталған мектеп болып есептеледі. Мұндағы оқушылар саны 5 бала мен 80 баланың аралығында болса ата-аналарының келісімімен мектепке барып оқуларына болады. Бұл ретте ата-аналармен әңгімелесіп, қашықтан оқу мүмкіндігі болған соң үйлерінен оқытуды ұйғардық.

– Zoom.us бағдарламасы ақылы деген әңгіме қаншалықты рас?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Zoom.us бағдарламасын 40 минутқа дейін пайдалану тегін. Одан ары қарай пайдалану ақылы түрде өтеді.

– «Телеком» мекемесі интернет жылдамдығын көтере ме? Өйткені мегалайн байланысы өте жай жұмыс жасайды.

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Бұл жөнінде жеке абонент жергілікті телекоммуникация бөлімшесіне келіп, тапсырыс берсе интернет жылдамдығын көтеруге болады.

– Менің телефонымды неге алып тастады? Қайтадан қостыруға ақша төлейсің дейді.

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Телефон нүктесі қаржысын төлемей, бережақ болғанда ғана алынып, есептен шығарылады. Басқалай желіден ажыратылмайды. Қайтадан қостыру үшін бережақ төлемақыны толықтай төлеп, өтініш беруі керек. Содан кейін техникалық мүмкіндік болса, қайтадан орнатылады.

– Балалаларды қашықтан оқыту үшін «Балапан» телеарнасы қажет дейді. Сондықтан, Миялыда 14 каналды қашан қосады?

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Бұл Миялыдан ретранслятор арқылы берілетін бөлек операторлы сандық телевидение. Қостыру үшін ұсыныс беру керек.

– Интернет желісін жүргізуге өтініш бергенімізбен, әлі жүргізілген жоқ. Ең болмаса қазіргі жағдайда Мұқыр ауылында актив, билайн желілерінің жылдамдығын көбейтсе деймін.

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Сіз сұраныс берсеңіз алдымен техникалық мүмкіндік қаралуы керек. Егер техникалық мүмкіндік болып, кабель сәйкестігі үйлессе алдымен телефон нүктесі орнатылып, содан кейін интернет желісі қосылады.

– Қашықтан оқытуды телеграммен оқытса қалай болады?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Телеграммен оқыту бағдарламаға енгізілмеген. Сондықтан, оған қазіргі таңда мүмкіндік жоқ.

– Төтенше жағдай кезінде барлық Wi-Fi желісі тегін болады ма?

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Интернет желісі тегін болмайды. Белгіленген тариф бойынша төленеді. Тек қана төтенше жағдай уақыты біткенге дейін төлемақыны төлеуді кейінге шегеруге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, берешегі болса да телефон нүктесі ажыратылмайды.

– Мұғалімдерге мектепке баруға болмайды. Ал, қызметкерлерге ше?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Төтенше жағдай кезінде мұғалімдер секілді қызметкерлерге де мектепке баруға болмайды. Тек қана қажет кезінде жұмыс жағдайымен ұжым басшысына кіруге болады.

– Миялы ауылының күншығыс бетіндегі жаңадан салынған үйлерге телефон желісі қашан тартылады?

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Телефон желісін тарту үшін алдымен құрылыс жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бірақ құрылыс жұмыстарының қашан жүретіні әзірге белгісіз.

– Балалар жазғы каникулда демала ма, әлде оқи ма?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– 25 мамырға дейін онлайн-сабақ оқиды. Сабақ бітіп, бір жылдық оқу бағаланып, емтихандар біткен соң оқушылар 1 қыркүйекке дейін демалады. Жылдағы дәстүр бойынша лагерьлерге барады.

– Сағыз ауылында телефон желілері ескіріп, үзілуде. Қашан ауыстырылады?

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Белгіленген жоспар бойынша телефон желілеріне жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы Сағыз ауылында да көптеген жұмыстар жоспарланған еді. Алайда, еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты барлық жоспарланған жұмыстар тоқтатылды.

– Қазіргі жағдайға байланысты балабақша қызметкерлерінің еңбек ақылары қалай төленеді? Сол жайында толық түсіндіріп берсеңіз.

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Облыстық білім басқармасының бұйрығына сәйкес 1 сәуірден бастап аудандағы барлық балабақшалар жұмыстарын уақытша тоқтатты. Жұмыс тоқтағанмен төтенше жағдайға байланысты балабақша қызметкерлерінің еңбекақысы 100 пайыз төленеді.

– Жалпы соңғы кезде интернет жылдамдығы өте жай. Неліктен?

Ақылбек ТӘЖІҒҰЛ:

– Жүргізілген мониторинг бойынша Қоныстану, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау, Тайсойған елді мекендерінде шамаман кешкі сағат 18.00-ден бастап, түнгі сағат 23.00-ге дейін интернет жылдамдығы төмендесе, күндізгі уақытта интернет жылдамдығы бірқалыпты жасайды. Яғни, интернет жылдамдығының төмендеуі пайдаланушының көптігінен болып отыр. Бұл туралы облыстық дирекцияға қызметтік хабарлама берілді.

– Мектептегі шағын топтағылардың тәрбиешілері қашықтан оқытуды жүзеге асыра ма? Әлде балабақша тәрбиешілері секілді жұмыстарын тоқтатып, еңбекақылары сақтала ма?

Амангелді БАҒДАРОВ:

– Қазіргі таңда аудандық №6 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің тәрбиешілері еңбек демалысына жіберілді. Сол секілді шағын топ тәрбиешілері де еңбек демалысына жіберілетіні, әлде қашықтан оқытуды жүзеге асыратыны, немесе жұмыстарын уақытша тоқтататыны әзірге белгісіз. Бұл туралы облыстық білім басқармасының шешімін қосымша хабарлаймыз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521