Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНА ШЕКТЕУ ҚОЮ МҮМКІН БЕ?

Жақында елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы белгіленіп, сауда, ауыл шаруашалығы және ұлттық экономика министрлігі бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Аталған шектеу халық жиі сатып алатын тоғыз түрлі азық-түлік өнімдерін қамтиды. Олардың құрамында І сұрыпты бидай ұны және осы ұннан жасалған нан, түтік кеспе (өлшенетін), қарақұмық жармасы, тегістелген күріш, сиыр еті (сүйектері бар жауырын-кеуде бөлігі), тауық жұмыртқасы (І санат), күнбағыс майы, «Экстрадан» басқа ас тұзы бар. Бұл ретте, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының белгіленгендігін ескерту мақсатында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов, филиал жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрайымы, облыстық партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Толқын Бейсқали, аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Айбар Алтыбаев, кәсіпкерлік палатасының аудандық бөлімшесі өкілдерінен құралған топ мүшелері аудан орталығындағы азық-түлік дүкендерінде болды.

Топ мүшелері алдымен дүкен иелеріне, сатушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын белгілеу туралы бұйрықтың 4 сәуірден бастап күшіне енгендігін қаперге беріп, соған сәйкес аталған тізімге енген тоғыз түрлі азық-түлік өнімдерінің шекті бағасын көрсетті. Және де аталмыш өнімдердің бағасын өсірмеу жөнінде түсіндіріп, егер бағаны шекті деңгейден өсірген жағдайда 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл салынатындығын ескертті. Сондай-ақ, дүкенге бетпердесіз, бір мезетте бес адамнан артық кіргізбеу, тұтынушылардың 1 метр ара қашықтықты сақтауы туралы шектеулерді қатаң ұстанулары қажеттігі айтылды.

Ал, дүкен иелері өз кезегінде мұндай бағаны ұстап тұру үшін алдымен өздері тауар алатын Атырау, Ақтөбе қалаларындағы көтерме сауда орындарындағы бағаны реттеу қажеттігін қаперге берді. Сондай-ақ, топ мүшелері Миялы ауылынан Ақтөбе облысы бағытына жүретін автокөлік жолына қойылған санитариялық-карантиндік бекеттің жұмысымен танысты. Ойыл өзенінің үстіне салынған көпір маңына орналасқан санитариялық-карантиндік бекет тәулік бойы қызмет атқарады. Бекеттің қасына арнайы жасақталған вагон қойылып, жарықпен, жылумен қамтамасыз етілген. Онда шлагбаум орнатып, полиция қызметкерлері көліктердің жүрісін тексеріп, медицина қызметкерлері дене қызуын анықтайтын тепловизор құралымен адамдардың қызуын өлшейді. Арнайы рұқсатпен кірген-шыққан адамдар журналға тіркелуде.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521