Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАҢА БАСТАМА ҚУАНТЫП ТАСТАДЫ

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көп балалы және аз қамтылған отбасыларға біраз қамқорлық жасалуда.

Биылғы жылдың тоғыз айында еліміз бойынша 417 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілгенін оқып-біліп отырмыз. Ал, кеше Қазақстан Республикасы Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұдан былай көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы тағайындалатынын жеткізді. Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін жаңа заң жобасы әзірленген.

Басты бағыт – еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету. Яғни, келер жылдан бастап еліміздегі көп балалы отбасылардың табысы есептелмей-ақ, жәрдемақы берілетін болады. Жаңа заң жобасында мемлекеттік жәрдемақының мөлшері үйдегі бала санына қарай берілмек. Әр балаға орташа есеппен 10-11 мың теңге көлемінде келеді. Сонда бір үйде 4 бала болса 42 500 теңге, 5 балаға 53 125 теңге, 6 балаға 63 750 теңге беріледі. Бұл біз сияқты көп балалы аналарға көп көмек. Қазіргі таңда менде 5 бала бар. Оның үшеуі мектеп жасында, екеуі балабақшада. Жолдасым екеуміз екі жерден жұмыс жасасақ та кейде жеткізе алмай жататынымыз жасырын емес. Бірақ, мемлекетке алақан жаюдан аулақпыз. Бала өзіміздікі болғандықтан оны бағып-қағу, өсіру біздің мойнымызда. Десек те, қосымша қолдау артық етпейді. Қазір мектептегі баланың сабақ құралы, киімі, балабақшаның ақшасы бес баланы қосқанда біразға шығады. Егер келесі жылдан бастап жәрдемақы тағайындалса, көп көмек болары сөзсіз.

Сондай-ақ, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов келесі жылдан бастап әлеуметтік қолдау тек қана көп балалы отбасыларға емес, аз қамтылған отбасыларға да жасалатындығына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалады. Әлеуметтік пакетте балалар тағамы, гигиеналық заттар, балалардың ой-қимыл жүйесін дамытқыш құралдар бар. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заң жобасы біраз отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмысын түзейді деп күтілуде. Ендеше, үкіметтің бұл бастамасына қолдау білдіре отырып, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Толғанай БЕРДІБЕКОВА,

көп балалы ана

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT