Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Зардап шеккендерге заңды қорғау қажет

Атырау өңірі ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтарымен тағы бір мәрте ел есінде қалды. Жуырда «Атырау облыстық Семей ядролық сынақ полигонының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен маңызды жиын өтті. Бұл кездесудің басты ерекшелігі – елордадан арнайы келген «Полигон-21» қоғамдық бірлестігінің директоры, қоғам белсендісі Майра Әбенованың қатысуымен өткізілуінде болды.

Жиын барысында Семей полигонының зардаптарын тартқан азаматтардың бүгінгі әлеуметтік жағдайы, оларға көрсетілетін қолдаудың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Мақсат – осы санаттағы азаматтардың құқығын қорғау, оларды әлеуметтік тұрғыда қолдауды заңмен бекіту және қолданыстағы заңнамаға нақты өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
«Бұл – тек өткеннің емес, бүгіннің де мәселесі. Полигон зардабын тартқандар – халқымыздың ең ауыр қасіретін көтерген жандар. Біз оларды ұмытпауға, олардың жанайқайын заң деңгейінде жеткізуге міндеттіміз. Мен батысқа ерекше мақсатпен келдім — мұндағы халықтың рухы биік, сенімі мықты. Осы жақтан өзіме рухани қуат жинап, болашақ істерге деген сенімімді арттырғым келді. Өйткені біз үлкен мақсат жолында жүрміз. Біз тек министрлік өкілдерімен шектеліп қалғымыз келмейді. Шешім қабылдай алатын тұлғалар, саяси салмағы бар жетекшілер бұл іске араласуы тиіс”,– деді Майра Әбенова өз сөзінде.

Қазір бұл бастамашыл топ еліміздің барлық аймағымен әлеуметтік желі арқылы байланысып, әскери борышын өтеген азаматтармен де тұрақты байланыс орнатуда. Алдағы жылы ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Осыған орай, белсенділер елді аралап, өңірлердегі ахуалды саралап, нақты шешімдер қабылдау үшін жаңа форматтағы қоғамдық қозғалыс қалыптастыруды көздеп отыр.

Кездесу барысында ұсыныстар талқыланды. Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар тек Атырау өңірінің ғана емес, бүкіл республика бойынша полигоннан зардап шеккендерге қатысты болмақ.
Айта кету керек, бүгінде Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылып, жақында отырысы өтеді деп жоспарланған. Алайда қоғам белсенділері бұл комиссияны вице-премьер деңгейіндегі басшылыққа жеткізу қажеттігін айтып, мүдделі тұлғалардың қатысуын талап етіп отыр.


Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT