Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖЕҢІС-80: Ерлігі еленбей қалған ер

Бұл жолы біз қан майданда асқан ерлік көрсеткен, қазақтың қайсар батыры – Кенжебай Мәденов туралы сыр шерткенді жөн көріп отырмыз, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

К.Мәденов 1943 жылы қараша айында соғысқа аттанып, екі рет жарақаттанған. Біріншісі 1943 жылдың желтоқсанында, екінші жарақатын Берлинді басып алуда алған. Небәрі 20 жасында атқыштар взводының командирі - К.Мәденов жүрген жерінде батырлықпен батылдықтың үлгісін көрсете білген.

Сұрапыл соғыста жүріп өткен ұрыс жолы: Дон, Донбасс, Днепр, Буг, Бессарабия (Молдавия, Кишнев), Висла (Польша, Варшава), Одер, Берлинді алу.

Батырдың естелігінен: «...Біз бар пәрменімізбен шауып келеміз. Негізгі ой неміс туын құлатып, өз туымызды қадау. Бір кезде қасымдағы жолдасым Кондратьев құлаған жерге менде құладым. Тұла бойымды сипаймын жарақат жоқ сияқты. Қимылдауға болмайды, мұндайды снайперлер көзден таса жібермейді. Сондықтан дыбыстау керек. Айналамда 3-4 адамнан дыбыс болды, Кондратьевтен дыбыс болмады. Алда әлі 80-100 метрдей жер бар. Бар күшті жинап, қайта шабуылға шықтық. Ратуша табалдырығына үш адам жеттік. Ойда-жоқта немістермен қолма-қол айқасқа түстік, екі жақтан шығын болды. Бұл жерде қырғын соғыс болғаны көрініп тұрды.Қанша уақыт өткенін білмеймін, Ратуша күмбезінің ішкі жағына жетіп, қансыраған Константин Громовқа көмек бердім. «Шыда, досым қазір Ратушада өзіміздің ту желбірейді»,-дедім. Оның болар-болмас күлуге әлі келді. Фашистіңқара ала туы құлап түсті. Мен белімдегі қызыл туды шешіп алып, күмбез басына көтердім. Жіптің ұшына қадаға байлап үлгердім. Содан кейін айнала у-шу болды да кетті» деді.

Бұл ерлігі жайында даңқты маршал Г.К.Жуковтың мемуарында қазақтың қаһарманы туралы жазылған үзіндіні келтіруді жөн көрдік. «29 апреля в центре города развернулись наиболее ожесточенные сражения. На ратушу наступали 1008-й стрелковый полк и 1010-й полк 266-й стрелковый дивизии. Первым сюда ворвался взвод лейтенанта К.Маденова. Вместе с отважным лейтенантом смело действовали бойцы Н.П.Кондрашев, К.Е.Крютченко, И.Ф.Кашпуровский и другие...»-деп ержүректігі мен батырлығын дәріптеген.

Небір қиын шайқастарды басынан өткерген батыр соғыстан кейін де елдің қауіпсіздігі жолында Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінде Гурьев облысы бойынша қызмет етті. Артында ұрпағы, өшпес ізі қалды.

Ерлігі ел жадында сақталған батырдың ұрпағы өз батырын «Халық қаһарманы» деп ұлықтайды, есімі ешқашан ұмытылмайды. Биыл аты аңызға айналған қазақ жауынгері Кенжебай Мәденовтың туғанына 100 жыл.

Аман ШАМАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT