Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бүгінгі еңбек нарығына не қажет? Жауабы – білікті жұмысшы!

«Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланған 2025 жыл – елдегі кадрлық саясатты қайта ой елегінен өткізіп, нақты сұранысқа ие мамандықтарға ден қоюымыз керек екенін аңғартты. Себебі қазіргі еңбек нарығында жоғары білім емес, нақты дағды мен кәсіп иелері керек.

Бүгінде құрылыс саласында дәнекерлеуші, электрші, су құбыршысы, сылақшы, тас қалаушы сынды жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жоғары. Энергетика мен өнеркәсіпте техникалық қызмет көрсету шеберлері, көлік жөндеушілер, жабдықтарды жөндеушілер тапшы. Ауыл шаруашылығы саласында агроном, малшы, тракторшы, ветеринар мамандығына жетіспеушілік байқалады. Ал қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласында наубайшы, аспаз, тігінші, шаштараз, жүргізуші, жүк тасымалдау үйлестіруші яғни логист сынды кәсіп иелері сұраныста.

HR агенттіктерінің мәліметінше, жұмыс берушілердің 60%-ы нақты бір техникалық дағдысы бар, тәжірибелі жұмысшыны іздейді. Әсіресе қалалар мен ауылдық аймақтарда осындай мамандардың жетіспеушілігі сезіліп отыр.

Жастардың бәрі бірдей жоғары оқу орнында оқымайды. Ал техникалық және кәсіптік білім – қолжетімді, әрі жылдам жұмыс табуға жол ашады. Мұндай білім беру жүйесі шетелдерде экономиканың тірегіне айналған. Бізге де осы бағытты жаңаша көзқараспен дамыту керек.

Сұраныс бар жерде сапалы дайындық болуы тиіс. Бұл үшін колледждер мен кәсіптік оқу орындары заман талабына сай жаңғырып, заманауи құралдармен жабдықталып, өндірістік тәжірибе мен оқу арасындағы байланыс күшеюі қажет. Жай теория емес – нақты өндіріс орнына бейімделген маман дайындалуы керек.

Жұмысшы мамандығы – жай ғана табыс көзі емес, ел экономикасының тірегі. Сондықтан 2025 жыл – нақты сұранысқа ие, нарыққа қажет жұмысшыны даярлайтын, еңбек адамына жаңа мәртебе беретін шешуші кезең болуы тиіс.

Бүгінгі күннің батырлары – электрші, көлік жөндеуші, жүргізуші, дәнекерлеуші, құрылысшы. Өйткені олардың қолымен ел тұрмысы өзгереді.

 

Нұрберген Утегенов,
Исатай ауданы әкімінің орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT