«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығын түсіндіру мақсатында жиын өтті.
Оған аудандық полиция, төтенше жағдайлар бөлімі, кірістер басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекция, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік аумақтық инспекциядан арнайы мамандар қатысты. Алдымен сөз алған аудан прокуроры Бақтияр Кеулімжай:
– Жарлық бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдар шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылау мен қадағалауға үш жылға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мораторий кезеңінде өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру керек. Бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылады. Осылайша, шағын бизнеске түсетін ауыртпалықты азайтамыз. Сонымен қатар бизнес өкілдері құқық қорғау және тексеруші органдардың іс-әрекетіне байланысты көптеген қиындыққа тап болуда. Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті. Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс» деген болатын. Ал, жаңа жылдан бастап шағын және микро кәсіпкерліктің дамуына оң әсер ететін Жарлыққа қол қойылып отыр, - деді.
Бұдан соң аудандық прокуратураның прокуроры Марал Нұршарипова жаңа Жарлықтың өзгерістері жайында баяндама жасап, қатысушылар өз саласы бойынша өзгерістерге сәйкес ойларын ортаға салды.
Гүлмира МАҚСОТ