Абай Құнанбаев қазақ халқының аса көрнектi ойшылы, ағартушысы, ұлы ақыны және қазақ жазба әдебиетiнiң негiзiн қалаушы.
Биыл ұлы ақынның дүниеге келгеніне 175 жыл толады. Осы орайда, халқымыздың мақтанышы Абай Құнанбаевтың поэзиясына тереңірек үңіліп, оның ұлы мұрасын насихаттауға шақырған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" мақаласы жарық көрді. Күллі әлем қазақтың ойшылдығы мен даналығын, мәдениеті мен ұлттық қасиетін Абай арқылы таныды. Сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы бүгінгі ғасырдың көкейкесті мәселесін Абайдың деңгейімен талқыға салған құнды дүние болып отыр.
Осыған орай Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектебінде Абай әлеміне саяхат жасау, ұлы ақынның өмір жолын оқу, танысу және өлеңдерін, қарасөздерін, дастандарын оқып жатқа айту арқылы Абайды оқушылардың рухани жан азығына айналдыру көзделген. Мектебімізде дәстүрлі Абай оқулары өткізіліп тұрады. Биылғы ұлы ақынның 175 жылдық мерей тойына арналған арнайы он күндіктер, апталықтар, көркем сөз оқу байқаулары жоспарланып өтілуде. Президентіміздің "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" мақаласын басшылыққа ала отырып, жас ұрпақты ұлы ақынның ұлы ойларымен, даналық сөздерімен тәрбиелесек, ұлтымыздың ұлылығын арттырып, айбынын асқақтарымыз сөзсіз.
Абай барлық қазақ халқының мақтанышы ғана емес, ар-ұяты, ұлттық намысы болуы керек. Абай шыққан биік, Абай бойлаған тұңғиық қазақ халқының шыққан шыңы, ой түбіне сүңгіген тереңі. Сондықтан Абайды оқымаған, сөзін көңіліне тоқымаған, тым құрыса бір өлеңін жатқа білмейтін оқушылар болмауға тиіс. Абай әлемін бүкіл дүниеге танытушы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Мен Абайды тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты іздесең, жаттап тоқы, көңілге» - деп С.Торайғыров ақынша ұлт болашағын тәрбиелеуде Абай шығармаларын басты бағытымыз етуіміз керек.
Құралай ҚҰМАРОВА,
Ш.Т.Еркінов орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі