Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты республикалық деңгейде коронавируске қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу және індеттің таралуына жол бермеу мақсатында «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Біз біргеміз» атты республикалық акциясы өтуде. Бұл игі іске «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы да өз үлестерін қосуда.
Нақтырақ айтқанда, бастаманы бірауыздан қолдаған «Nur Otan» партиясының мүшелері, аудандық мәслихаттың депутат қыз-келіншектері Толқын Бейсқали, Гүлнар Каримова, Сапура Сәрсенғалиева, Алтынзер Баймұратовалар «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Миялы, Мұқыр ауылдық округтеріндегі әлеуметтік көмекке мұқтаж үйлерге барып, қайырымдылық көмектерін ұсынды.
Сақтану шараларын ұстана отырып, бес отбасына бірінші кезекте қажетті азық-түлік өнімдері салынған себеттерін табыстаған олар ел басына түскен ауыртпалықты сабыр сақтап, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып бірлікте болу арқылы ғана жеңетіндіктерін жеткізді. Ал, тұрғындар осындай қиыншылық кезеңде жандарынан табылып, қайырымдылық көрсеткен халық қалаулылырына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Бауыржан САҚТАСИНОВ