Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс -қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: - «Балалар үйірмесі» қызметін одан әрі жандандырып, қайта қалпына келтіру жастарымызды қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуына мүмкіндік береді» деген болатын.
Осындай бағытта жұмыс жасап жатқан Қызылқоға аудандық оқушылар үйінің ашылғанына көп уақыт өтпесе де, жеткен жетістіктері аз емес. Оқушыларымыз облыстық, республикалық жарыстарға қатынасып жүлделі орындарды иемденуде.
Айталық, Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен қашықтықтан өткен «Саптық дайындық» байқауында «Әскери-патриоттық» үйірмесінің жетекшісі А.Молдашевтың шәкірттері III орынды, «Қару-жарақсыз»байқауында А.Жаубасар III орынды, «Айбын» облыстық әскери-спорттық жарысында Г.Бағыт I орынды жеңіп алып, республикалық сайысқа жолдама алды. С.Райс жетекшілік ететін «Ұлттық ойындар» үйірмесінің оқушылары қашықтықтан өткен облыстық топтық сайыста асық атудан III орынды, ләңкі шекуден С.Зейнолла I орынды иеленсе, мұғалімдер арасында өткізілген облыстық жарыста С.Райс III орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, Атырау облысы білім беру басқармасы «Қазақстан геологы» емдеу пансионаты Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ұйымдастыруымен болған «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің облыстық онлайн сайысында Мұқыр орта мектебінің жанынан ашылған «Жас натуралистер» үйірмесінің мүшелері Сисенбай Нұрай мен Жұмабай Салтанат I орынды иеленіп, республикалық сайысқа жолдама алды.
Жақында қашықтықтан өткен республикалық сайыста «Жасыл оазистер» номинациясы бойынша аталмыш оқушылар жүлделі III орынды иемденіп, баршамызды қуантты. Оқушыларды дайындаған үйірме жетекшісі Мейрамгүл Мединина Алғыс хатпен марапатталды. Қазіргі кезде жас ұрпақты тәрбиелеуде қосымша білім берудің рөлі ұлғайып келеді. Оқушылардың қабілетін ашып, дамытуға жан-жақты жағдай жасағанда ғана мақсатқа жетуге болады. Уақыт талабына сай оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын пайдаланып, өз еркіне сай мақсатты айналысуына, әсіресе кәсіп таңдауына көмектесіп, өмірге бейімдеп, салауатты өмір салтына қалыптастырудың маңызы зор. Сайып келгенде оқушылардың бос уақытын тектен-тек өткізбей, мәнді де мағыналы ұйымдастыру-қосымша білім беретін ұйымдардың басты қағидасы.
Кенжегүл ҚАПАНОВА,
Оқушылар үйі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары