Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауыл әкімдері қандай болуы керек?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Әкімдерді халық өзі сайлайтын болады, ол үшін үкімет жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу керек» деген болатын. Демек, алдағы уақытта елімізде әкімдерге зор жауапкершілік артылады. Осы орайда, «Болашақта халық сайлайтын әкімнің бойында нендей қасиеттер болғаны дұрыс?» деген заңды сауал туындары хақ. Біз сол сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.

Басты талап – ауылды көтеру

Қазіргі таңда ауданға қарасты он ауылдық округтің барлығының өз әкімі бар. Соңғысы осы айдың басында сайланған Сағыз ауылдық округінің әкімі Нұралы Әбишан. Мемлекеттің әкімдерге қойып отырған басты талабы – ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту. Жалпы әкімдерге жұмыс жүктемес бұрын оларға жағдай жасап алған абзал. Бұл орайда, аудан әкімдігі тарапынан округ әкімдеріне мүмкіндігінше барлық жағдай жасалды. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап барлық әкімдердің жалақысы екі есеге көтеріліп, жаз айында жаңа «Нива» автокөлігі берілді.

Сондай-ақ, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтерінің әкімдері қызметтік үймен қамтылды. Сол сияқты қазір ауылдық округтердің бюджеті өздеріне берілді. Яғни, жергілікті салықтар мен айыппұлдардан түсетін қаржы бұрынғыдай ауданға емес, округтің өзінің есепшотына түседі. Сол есепшотқа түскен қаржы арқылы әкімдер ауылды дамытып, көркейте алады. Тек соны өз мақсатына жұмсап, жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру керек.

Асылбек ЖАНҚУАТОВ,

аудан әкімі аппаратының басшысы

Өзгермелі нарыққа бейімделуі тиіс

Қазіргі дамыған заманда қоғам сәт сайын құбылып, сағат сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан әкімдер өзгермелі нарыққа бейімделуі тиіс. Ол үшін жобалық менеджметке ауысқан дұрыс. Қазір ауылдардағы ең басты мәселе – шағын және орта бизнестің дамымай жатуы. Оған кедергі келтіріп отырған бірден-бір себеп – көлеңкелі бизнес. Өз ауылын көркейткісі келген әкім осы көлеңкелі бизнеспен күресіп, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен жөн. Егер әкімдер кәсіпкерлікті дамытса, бюджеттері де молайып, ауылды көркейтуге мүмкіндік артады. Көп балалы аналардың мұң-мұқтажы ескеріліп, олармен де арнайы жұмыс жасаған дұрыс. Бұдан бөлек ескі, қатып қалған қағидалардан арылып, қоғамға жаңа серпін беру керек. Мәселен, қаржылық ұйымдармен келісіп, ауылдан өндіріс көзін ашу, үй салу сынды жұмыстарға жұмылдырып отырса қандай керемет?! Бірақ, тек экономика дей бермей рухани саланы да ақсатып алмау қажет. Қоғамға рухани күш беретін ақын-жазушылар, блогерлерді ауылға жиі шақырып, жастармен кездесу өткізіп тұрған абзал. Ауылдағы қарапайым еңбек адамдарын шақырып, «Үздік шопан», «Үздік сауыншы», «Үздік тазалықшы» сынды номинациялармен марапаттап отырса, олардың да жұмысқа ынтасы ашылады. Қорыта айтқанда, қазір көп нәрсе әкімдерге байланысты. Осыны әкімдер жете түсініп, жұмыстарын жаңаша бағытта өрбітуі тиіс.

Нұрболат САРМАНОВ,

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет академиясының түлегі

Жастарға жол ашқан дұрыс

Мемлекет басшысы өз Жолдауында болашақта ауыл әкімдерін халық сайлайтынын айтып, қуанышты хабар жеткізді. Мен бұл бастаманы толығымен қолдаймын. Себебі, кез-келген әкім өзін сайлаған халықтың алдында абыройлы болуы үшін барын салып жұмыс жасайды. Осы орайда, менің ұсынысым ауыл әкімдерін жастардан сайлау керек. Өйткені, жастарда тың идея мен энергия көп болады. Жастықтың жалынымен кез-келген жұмысты қопарып жасап, істің тетігін таба алады. Мен бұл ойым арқылы үлкендерді кінәлаудан аулақпын. Олардың да сіңірген еңбегі зор.

Алайда, халқымызда «Жас келсе іске» деген мақал бар. Сол айтқандай жастарға жол беріп, үлкендер жағы бағыт сілтеп, ақылшы болып отырғаны дұрыс.

Амангүл ЖЕКЕНОВА,

белсенді жас

Бүгінгі әкімге мүмкіндік мол

Қазір жаңа заманға орай ел басқарушы тұлғаларға жаңа талаптар да қойыла бастады. Бұрын біз әкім болғанда басым бағытты мал шаруашылығына қоятын. Ол замандарда әкімшілікте қамалып отырмай, шаруа қожалықтарына барып, малшылардың жағдайымен танысатынбыз. «Жүз қойдан пәлен қозы алу керек» деген пәрменнің шет жағасын да көргенбіз. Оның бер жағында еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқырау жылдарында да ауылды басқардық. Ол кез тіпті қиын болды. Айлап жалақы мен зейнетақысын ала алмай жүрген халықпен жұмыс жасадық. Қазіргідей теп-тегіс асфальт, жүйткіген көлік жоқ. Қарабаудан Миялыға келу үшін 3-4 сағаттап жүреміз. Қысты күндері мүлдем жол болмай қалатын кездер болды. Оның қасында қазір жағдай біраз түзелді. Халықтың еңсесі тіктеліп, мемлекет тарапынан да біраз игілікті жұмыстар жасалуда. Алайда, қазіргі әкімдер бұған тоқмейілсімеу керек. Қайта осы заманның игіліктерін пайдалана отырып, білек сыбана жұмыс жасаған дұрыс. Қазір әкімдерге ойыңдағы жұмысты жүзеге асыруға мүмкіндік бол. Себебі, әр ауылдық округтің бюджеті өздерінде. Бұрын біз ауданнан бөлінетін ақшаға ғана қарап отыратынбыз. Ал, бүгінгі әкімдер өздерінің ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетіп, өз бюджеттерін өздері толтырып, тиісінше жұмсай алады. Ендігі міндет – әкімдер кабинетте отырмай, халықпен етене жұмыс жасау керек. Жаңа заманның сұранысына орай малды асылдандыру, халықты цифрлық сауаттандыру, гранттар мен несиелерді молынан алғызып, кәсіпкерлік нысандар ашу, ауылды көгалдандыру, көп балалы аналардың жағдайын жасау, еріктілер қызметін дамыту сынды жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде жасалса, халық та әкімді қолдары анық.

Шапиғолла ҚОНЫСБАЕВ,

ауданның Құрметті азаматы

Рухани жағымыз ақсамаса екен

«Әкімдерді халық өзі сайлайтын болады» деген мемлекет басшысының сөзі ауыл халқын қуантып отыр. Бұл расымен де қуанышты жаңалық. Себебі, әкімді халық өзі сайлайтын болса кандидаттар арасында шынайы бәсеке болады. Әрбір кандидат сайлауалды бағдарламасын халықтың сұранысына орай құрып, соны жүзеге асыру жолында жанын аямай жұмыс жасайды. Алайда, менің айтар ұсынысым басқа. Қай ауылға, қандай әкім келсе де мәдени-рухани жағымыз ақсап келмесе екен. Көптеген әкімдерді көріп жүрміз – есепке, қағазға мұқият. Бірақ та, халық алдына шығып сөз сөйлегенде, мерекемен құттықтағанда қағаздан бас алмай тұрады. Мәдени шаралар ұйымдастыру ісінде де олқылық танытып жатады. Меніңше бұл дұрыс емес. Әкім деген шаруашылыққа да, рухани салаға да жетік болуы керек. Мысалы, биыл Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл. Алайда, осы мерекеге орай керемет шара ұйымдастырып жатқан әкімді көрген емеспін. Мұны айтсаң көбі пандемия деп ақталар. Бірақ, ұйымдастыратын адам онлайн түрде де жасауға болады ғой. Міне, болашақта халық сайлайтын әкімдер осы жағын ұмытпауы тиіс.

Сағидолла ЯҚЫП,

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

Жаңаша көзқарас қалыптасу қажет

Бүгінде әкімдердің жұмысын мал басының көбеюімен, шөптің мол шабылуымен өлшейтін заман келмеске кетті. Қазір заманның дамып, өзгеруіне байланысты әкімдер мен басшыларға талап та күшейді. Соның ішінде әкімдерге қойылатын басты талап – жаңашылдыққа ұмтылу. Кез-келген жаңа дүниені ауылға алып келіп, сынап қараудан қашпау қажет. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманы.

Бұл орайда, ауыл әкімдері әр тұрғынның цифрлы сауатты болуы жолында жұмыс жасауы тиіс. Әр тұрғында элктронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) болып, онымен кез-келген жерден қажетті анықтаманы шығарып алатындай сауатты болғаны дұрыс. Сондай-ақ, «Мен қарапайым ауыл әкімімін» деп отырмай, бірнеше тілді меңгеріп, әлеуметтік желіде белсенді болуы тиіс. Ауылға инвестор тарту, ауылшаруашылығын өндірісін дамыту да бүгінгі күннің басты талабы. Қорыта айтқанда, ауылын көтерем деген әкім жаңа дүниелерге ұмтылып, заман ағымынан қалмау керек.

Күміс СӘРСЕНБАЕВА

ауыл тұрғыны

Түйін. «Ұлық болсаң кішік бол» деген халқымыз бір ауыз сөзбен-ақ ел басқаратын тұлғаларға зор жауапкершілік жүктеген. Жыл жаңарып, заман ауысса да бұл мақал өз құндылығын жойған жоқ. Қорыта айтқанда, әр әкім заман ағымына сай өз ауылын көркейтіп, халықпен етене жұмыс жасау керек. Сонда ғана мемлекетіміздің мерейі үстем болатыны анық.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT