Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада пікірсайыс қызып жатыр

Елімізде партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы партияішілік сайлау - праймериз өткізіп жатқаны белгілі.

Айта кетер болсақ, праймериз ел тарихында алғаш рет өткізілуде. Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Қазақ тіліндегі мағынасы – іріктеу деген ұғымды білдіреді. Яғни, алдын-ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенге саяды. Бұл, бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен ниеттес, өзекті мәселелерді сөйлейтін үзеңгілес азаматтарды партия қатарына тартудың бірден-бір құралы.

Қазіргі таңда үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастап та кетті. Алдын ала жеребе таратылып, әр кандидаттың дебатқа қатысатын күні мен орны анықталды. Өткен аптаның бейсенбісі күні «Арман» мәдениет үйіндегі пікірталас алаңында үміткерлердің алғашқы легі кездесті. Пікірсайыс әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы жұртшылық назарына ұсынылды. Шарада санитарлық талаптардың қатаң сақталуына баса көңіл бөлінді.

Алғашқы жария пікірсайыс Толқын Бейсқали, Бағытжамал Жұмабаева, Мейрамбек Шүрегеев, Кенжебек Бисенбаев, Дулат Ғұбайдуллин, Сәндігүл Дәуленовалардың арасында өтіп, олар аудандағы ең өзекті және өткір мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынса, екінші кезеңде қарсыластар бір-біріне сұрақтар қойды. Пікірсайысшылар қолжетімді баспана мәселесі, интернет жетіспеушілігі, жұмыссыздық, мәдениет, ауыл шаруашылығын дамыту секілді мәселелерді тілге тиек етті. Түстен кейін екінші топтағы қатысушылар Сайын Қуанышев, Нұрлан Берденқұлов, Бауыржан Кереев, Тельман Ғұмаров, Роман Кәдірғалиев, Абат Рашқалиевтар өздері туралы мағлұмат беріп, бағдарламаларын таныстырды.

Пікірсайысқа қатысушылардың бірі Ойыл өзенінің мәселесі туралы сөз қозғаса, енді бірі білім беру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметік саланың әлеуетін көтеру керектігін алға тартты. Осылайша, аудандағы өзекті мәселелерді тізбектеп, көкейкесті мәселелердің шешілу жолын айқындап берген үміткерлер одан әрі халық арасында бағдарламаларын таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521