Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жасқайраттық тұрғындар неге алаңдайды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай әкімдер мен басшылар жергілікті халықтың үніне құлақ асып, ортақ диалог орнату міндет.

Осы орайда, «Ауданда ауыл тұрғындарының әкімдерге көңілі тола ма, билік пен бұқараның арасы қаншалықты жақын, халықтың көкейтесті мәселесінен басшылар хабардар ма?» деген заңды сауалдар туындайды. Соған сай, біз өткен аптаның жұмасы күні Ойыл ауылдық округіне арнайы іссапармен барып, жоғарыдағы сауалдарға жауап іздегенді көрдік.

Дәулетиман халқы ауызсуға зәру

Журналисттік сапарды аталмыш округке қарасты Дәулетиман қыстағынан бастағанды жөн көрдік. «Сағыз-Миялы-Қарабау» тасжолынан екі шақырымдай қашықта жатқан бұл қыстақта шамамен он шақты үй бар екен. Асфальттан түскенде жеңіл көлік жүре алатындай қара жол да сайрап жатыр. Бір қуаныштысы – қыстақ болса да көгілдір отын тартылған, жарығы жанып тұр. Ауылға көз тастаған бетте малмен күнелтіп отырғанын бірден байқауға болады. Шағын ауылды аралап, ішкі ахуалымен танысып жүргенде қолына күрек ұстаған әжені көзімізге шалды. Қасына барып, амандасып, мақсатымызды айтқаннан кейін өзін Қаламсия Қазиева деп таныстырды.

– Осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Жасым сексенде. Жаңа ғана далаға айналадағы сиырдың тезегін теруге шыққанмын. Ауыл өздеріңіз көргендей малмен күнелтіп отыр. Тек ауызсу тартылмағаны болмаса, газымыз бен жарығымыз тұрақты жанып тұр. Зейнетақымды балаларым Миялыдан алып келеді. Ауылда көбіне мал бағуға икемі бар орта жастағылар жанұясымен тұрады. Ал, жастар жағы бірі қалаға, бірі аудан орталығына жұмыс іздеп кеткен, ауылға көп келмейді – дейді ол.

Ауыл жайлы қысқаша мәлімет айтқан Қаламсия әже бізді көршісі Индира Исимовамен таныстырды. Өз кезегінде сөз алған ол:

– Жолдасым және төрт балам алтауымыз осы ауылда тұрамыз. Негізгі күн көрісіміз мал. Онда да өзіміздің жеке меншік емес, жұрттың аманат малын бағып, соған нәпақамызды айырып отырған жанұямыз. Төрт баламның екеуі мектеп жасында, екеуі кішкентай. Қазіргі жағдайға байланысты үйден оқып жатыр. Белайн ұялы байланысының интернеті арқылы балаларды оқытып отырмыз. Жалпы жағдайымыз жаман емес. Алайда, мал баққанымыз болмаса жолдасым да, мен де жұмыссызбын. Бір жағынан жаңадан салынған үйімнің құжаттарын толық рәсімдей алмай жүрмін. Соның салдарынан атаулы әлеуметтік көмекті де ала алмай отырмыз. Себебі, мен Жасқайрат ауылындағы қайын ағамның үйінде есепте тұрмын. Ал, ол үйде кіріс көзі асып кеткендіктен бізге атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Ауылдағы екінші мәселе – жұмыссыздық. Мысалы, өзім бала тәрбиесі мен үй шаруасына қараймын деп жұмыс жасап көрген емеспін. Енді балалар есейіп келеді. Әрі қыста жұрттың аманат малын тапсырғаннан кейін кіріс көзі керек болады. Сол үшін жұмыс жасағым келеді. Бұл туралы жақында округ әкімі Мағжан Жексеновке де кіріп, жағдайымды айтқанымда, ол кісі тіркеп, кезеккке қоятынын жеткізді. Мені осы Дәулетиман қыстағын тазалауға қоғамдық жанынан жұмысқа алса деймін. Әйтпесе, мына тұрған Жасқайрат ауылына барып келу көлігі жоқтарға қиын. Ай сайын баланың жәрдемақысы түскенде, үйге азық-түлік аларда округ орталығынан такси шақыртамын. Такси апарып-алып келуге мың-мыңнан екі мың теңге алады. Амал жоқ астымызда көлік болмағандықтан жеті шақырым жерге барып қайту үшін екі мың теңге төлейміз. Менің және ауылдастардың бірден бір тілегі – ауылға су тартылып, такси бағасы арзандаса... – деп, сөзін түйіндеді.

Осылайша, шағын ауылдағы жарты сағатымызда біраз түйіткілді мәселелердің бар екенін біліп, қажетті деректерді қағазға түртіп әрі қарай округ орталығы Жасқайрат ауылына ат басын бұрдық.

Такси бағасы арзандаса...

Аудан орталығынан 25 шықырым қашықта жатқан Ойыл ауылдық округінде 2231 тұрғын тұрады. Округ орталығы саналатын Жасқайрат ауылына кірген бетте жолдың сол жақ бетінде «Құрман» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы бірден көзге түседі. Алдағы жылдары осы жоба жүзеге асатын болса, ауылшаруашылығын өндіріске бейімдеген аудандағы алғашқы қожалық болады. Одан әрі ауыл ішіне кіргенімізде орталық көшелердің бәрі асфальттанғанын, жаяу жүргіншілер жолы салынғанын, қоқыс салатын контейнерлердің көбейгенін байқауға болады. Ауыл орталығында ойнап жүрген балаларды көріп, олардан «Сабақ оқымайсыңдар ма?» деп сұрағанымызда «Бәрібір онлайн ғой. Бізге рахат болды. Кешке дейін ойнаймыз» деп жауап берді. Содан кейін кездескен ауыл тұрғыны Нәзира Бердіғалиева:

– Қазіргі сәтте ауылымыз көркейіп, көптеген мәселелер өз шешімін тауып келеді. Былтырғы оқу жылының төртінші тоқсанында интернет басты мәселе болып еді. Бірақ, жақында ғана «Белайн» ұялы байланысының 3G мобильді интернеті қосылып, онлайн оқу мәселесі де бірыңғайланды. Алайда, бізде шешімін таппай тұрған мәселе – такси бағасы. Мысалы, 15 минутта баратын мына тұрған Миялыға таксилер 500 теңге сұрайды. Бұрынғыдай жол жаман болса түсінер едік. Алайда, қазір жарқырап жатқан асфальт қой. Меніңше 15 минуттық жолға 500 теңге сұрау артық. Осыны түсінген кейбір таксилер бағаны 300-400 теңгеге дейін түсірді. Бірақ, олар аз. Сол себептен менің ұсынысым – такси бағасы түсуі керек, – деген пікірін білдірді.

Ауыл тұрғынымен тілдескеннен кейін күрделі жөндеу жүріп жатқан «Шалқыма» мәдениет үйіне бас сұққанды жөн көрдік.

«Шалқымада» жалақы дауы бар ма?

«Жалынды құрылыс» мекемесі жүзеге асырып жатқан күрделі жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Сол жердегі жүрген мердігер компанияның учаске бастығы Қаһарман Әлжанов маусым айында басталған құрылыстың қазіргі таңда сексен пайыз жұмысы аяқталып қалғандығын, бұйырса қазан айында бітетінін жеткізді. Айтса айтқандай құрылыс уақытылы жүріп жатқанын біз де байқадық. Мәдениет үйіне қажеттінің барлығы ескерілген екен. Тіпті ауласына өрнектас төселіп, бұрын болмаған сыртқы сахна да салынуда. Учаске бастығының айтуынша құрылыс жасап жатқан жұмысшылардың 28-і жергілікті тұрғындар. Жұмыс басталарда олардың барлығына келісім-шарт ұсынылып, жұмысқа қабылданған. Жалақылары жасаған жұмысына қарай 80-90 мың теңге аралығы. Учаске бастығымен аз-кем сөйлескеннен кейін жұмыс жасап жатқан тұрғындарды сөзге тарттық. Есімін атамауды жөн көрген орта жастағы әйел адам «Осы жерде жергілікті тұрғындардан он бес шақты ер, жеті-сегіз әйел адам жұмыс жасап жатырмыз.

Алайда, біздің көңіліміз толмайтыны – жалақы келісім-шартта көрсетілгендей болмай отыр. Шарт бойынша бізге айына 85 мың теңге айлық төленуі тиіс. Он пайызын зейнетақы қоры мен салыққа ұстағанда ең кемі 75 мың теңге болуы керек. Алайда, біз 65-70 мың теңге аралығында ақша алып жүрміз. Алғашқы екі айда зейнетақы қорымызға он пайыз аударылмағандығына көзіміз жетті. Әрине, біз жұмыс жасаудан қашпаймыз, бірақ, еңбегімізді жемесе екен» деген уәжін айтты. Жұмысшының жанайқайын естігеннен кейін қайтадан мердігер компанияның учаске бастығына барып, мән-жайды сұрағанымызда «Мен тек құрылыс жұмысының сапалы болуына жауап беремін. Келісім-шарт, ақша мәселесін компанияның есеп бөлімінен біліп берейін» деп шығарып салды.

«Кез-келген тұрғынға есігім ашық»

Ауылдың біраз мән-жайына қаныққаннан кейін округ әкімі Мағжан Жексеновке кіріп, ауылды дамыту, өзекті мәселелерді шешу бағытында аз-кем сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Мағжан Абызұлы, округ әкімі болып сайланғаныңызға үш жылдан асты. Осы орайда, өзіңізді халыққа қаншалықты жақын әкім деп санайсыз, үш жылда жасаған жұмысыңызға баға бере кетсеңіз...

– Мен ауылға әкім болып келмей тұрып та бұл жақтың халқымен етене таныспын. Кезінде Ш. Еркінов атындағы орта мектепте қызмет жасадым. Ал, 2017 жылдың наурыз айынан бері округ әкімімін. Баршаға белгілі біздің округ орналасу жағынан өте қолайлы. Асфальт жолдың бойында орналасқан, бір шеті Миялы, Жангелдин, Көздіғара ауылдық округтерімен шектессе, оңтүстік бөлігі Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарымен шектеседі. Ауылдың негізгі күн көрісі мал шаруашылығы. Десе де соңғы жылдары кәсіпкерлік нысандар көбейіп келеді. «Құрман» шаруа қожалығы ауданда алғаш болып ауылшаруашылығы өнімін өндіріске бейімдеуді қолға алып отыр. Сонымен қатар, қожалықтарымыз шөп шауып, тек ауыл халқын емес Жангелдин, Миялы халқын да шөппен қамтуда. Тіпті аудан орталығына жәрмеңке кезінде бір орама шөпті 4 500 теңгеден апарып сатты. Интернет пен ауызсу мәселесі де жолға қойылып келеді. Ал, «Халыққа қаншалықты жақынсыз?» деп сұрасаңыз кез-келген тұрғынға есігім ашық. Бұрынғыдай сейсенбі, бейсенбі күндері қабылдаймын деп отырмаймыз. Кім келеді, соны жылы қабылдап, барынша мәселесін шешуге тырысамыз. Мәселесі шешілмесе заң аясында түсіндіріп, бағыт беріп отырамын. Одан бөлек округтің «Телеграм» чаты бар. Сонда қойылған сұрақтарға да жауап беріп, халықпен кері байланысқа шығамын.

– Жаңа ауыл тұрғындарымен сөйлескенімізде такси бағасының қымбат екендігін айтты. Мәселен, 15 минуттық Миялыға 500 теңге алатын көрінеді. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Бұл мәселеден хабардармын. Алайда, қазір ауыл таксилері бағаны жайлап-жайлап түсіріп жатқанын айтқым келеді. Қазірдің өзінде 300 теңгемен жүретін бірнеше такси бар. Осылай-осылай баға өзімен өзі түседі. Өйткені халық арзан такси тұрғанда қымбатына мінбейді ғой. Содан кейін, 500 теңгенің таксиі мінетін адам болмағасын бағаны амал жоқ түсіреді. Әрине, мен жеке такси жүргізушісіне барып, бағаны түсір деп айта алмаймын. Алайда, үгіт-насихат жұмыстары арқылы такси бағасы түсіп келеді. – Елдімекендерге қаншалықты жиі барасыз? Аққора елідмекені мен Дәулетиман қыстағын дамыту бағытында қандай жұмыстар жасалуда? – Мүмкіндігінше жиі баруға тырысамын. Бүгінде округ бойынша Жасқайрат ауылынан кейінгі үлкені, жүзден аса тұрғыны бар Аққора елдімекені. Негізгі күн көрісі мал шаруашылығы саналатын бұл елдімекенде өзінің кітапханасы бар. Мейрамдарда «Шалқыма» мәдениет үйінің өнерпаздары барып концерт қойып тұрады. Ал, біздің тарапымыздан елдімекенді жарықтандыру, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Дәулетиман қыстағында да солай. Жақында ғана қыстақтың ішіне жарықшамдар қондырып, халыққа барынша қолайлы жағдай жасадық. Енді бұл ауылда өзекті мәселе – ауызсу. Бұдан хабардармыз, алдағы уақытта да қаржының бөлінуіне қарай бұл мәселені де шешуге тырысамыз.

– «Шалқыма» мәдениет үйінде күрделі жөндеу жасап жатқан жұмыс беруші компания мен жұмысшылар арасында жалақы дауы бар деседі. Бұл туралы не айтасыз?

– Маусым айында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Жалынды құрылыс» компаниясына ауылдың жұмыссыз 28 тұрғынын жұмысқа орналастырдық. Яғни, қазіргі таңда біздің ауылдың адамдары ресми түрде компанияның қызметкерлері болып саналады. Екі жақты келісімшарт жасалып, қолдары қойылды. Алайда, кейіннен біреуі аз алады, біреуі көп алады деп айтылған әңгімелерді естідім. Меніңше бұл жерде компания өкілдері жұмысқа шықпай қалған, уақытылы келмеген жұмысшылардың жалақысын қиған болуы керек. Ал,заңдылық тұрғысынан қарағанда бұл компания мен жұмысшылары арасындағы мәселе. Мұны өзара келісіп шешеді деп ойлаймын.

– Округтің ең өзекті мәселесі не деп ойлайсыз, оны қалай шешуге болады?

– Округтегі ең маңызды мәселе – спорт кешені мен балабақша. Спорт кешеніміз бұрыннан жоқ, балабақшамыз ескі. Сол мақсатта аталмыш екі нысанды жаңадан салу үшін биылдан бастап жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Бұйырса жылдың аяғына қарай бітсе, келесі жылдары бөлінген қаржыға қарай құрылыс жұмыстары басталып қалар. Сонымен қатар, ауылдан «Қызылқоға – құтты мекенім» қорының демеушілігімен мешіт құрылыс басталды. Бұдан бөлек бізде интернет мәселесі де әлі толық шешіле қойған жоқ. Мәселен, ауыл орталығындағы Тәуелсіздік көшесіне әлі интернет желісі тартылмаған. Бұл жайлы «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық филиалына ескерттік. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін тауып қалар деп отырмыз. Сондай-ақ, округ халқын алаңдатып отырған басты мәселенің бірі – жанармай бекеті. Бұл мәселе де шешілетін күн алыс емес. Себебі, Ертай Әжіғалиев есімді ауыл кәсіпкері округтің Миялы бағытындағы кіре берістен жер алып, жанармайын бекетін, шайханасын, тегершік жөндеу орталығын салуды жоспарлап отыр. Осы жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын бастаса, келесі жылы жанармай бекеті де ашылып қалуы мүмкін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Түйін. Ойыл ауылдық округіне жасаған бір күндік сапарымызда түйіткілді түйіннің де, жүйелі жұмыстың да бар екенін аңғардық. Алайда, қазір жасалған жұмысқа тоқмейілсіп отыратын заман емес. Маңызды мәселелерді шешіп, жұмысты жандандыратын уақыт. Халықтың да, мемлекет басшысының да басты талабы осы. Ендеше, бұқара үніне құлақ асып, жұрт қайғысын өз қайғысындай көретін әкімдер мен басшылар көбейе берсе игі дейсің.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521