Сағыз ауылдық округіндегі 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аталмыш округтегі өнерлі балаларға тарлық ететін, қырық жылдан астам тарихы бар А.Өміров атындағы өнер мектебі, бүгінгі заман талабына сай емес округ әкімі аппаратының ғимараты мен Сағыз темір жол вокзалының жай-күйін өз көзімен көріп кетуді жөн санады.
Қазіргі таңда 7577 тұрғыны, 1533 тұрғын үйі бар аталмыш округте 13,3 шақырым ауылішілік жолдары, 50 келушіге арналған отбасылық амбулатория, ветеринариялық өткелек құрылыстары мен үшінші ауылдың электр жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатса, темір жол вокзалын, 8,2 ауылішілік автомобиль жолдарын, округ әкімдігі мен өнер мектебінің ғимаратын, екі пәтерлі 30 тұрғын үй, Сағыз өзенінің бойынан лимандық бөгеттер, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын, буландыру алаңдарын, үлкен футбол мен жеңіл атлетикаға арналған стадион салумен қатар, 1-ші, 2-ші ауылдың электр желісін және тұрғындарды тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз ету үшін қайта жаңғырту, округке қарасты Кенбай, Қоңыраулы, Былқылдақты елдімекендеріне су және газ желілерін жүргізу жұмыстары өзекті мәселеге айналып отыр.
- Керегеннен үш ұңғыма орнату жоспарлануда. Жоспар жүзеге асқан жағдайда да қазіргі су айдау бекеті ауылдың ең төменгі жерінде орналасқандықтан ауылға су айдау кезінде қысым пайда болып, ауылдың жартысына жуығына су жетпейді. Сондықтан, ауылдың ең биік жеріне екі мың тонналық су қоймасы бар су айдау бекетін салып, жоспарланған су айдау бекетіне дейін ұзындығы 9,6 километр, диаметрі 160 милиметр болатын құбырды ауылды айналдырып тартқан дұрыс. Қазіргі су айдау бекетін Мұқыр ауылдық округіне су айдау үшін қосымша пайдалану қажет. Бұл Мұқыр ауылындағы су тапшылығын шешеді, - дейді «Теміржол жылу-Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аралбай Қосымбаев.
Бауыржан СИСЕНОВ