Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«ЧЕМПИОН БОП КӨРМЕДІ ЕШКІМ КАРТАДАН»

Жақында түнгі екілерде шырт ұйқыда жатсам телефоным безілдеп қоя берді.

«Беймезгіл уақытта мазалап жатқан бұл кім екен?» деп қоңырауды көтерсем, көрші ауылдардың бірінде тұратын таныс жігіт екен. «Досым, Миялыға карта ойынға келіп едім. Ұтылып қалдым. Енді маған қолма-қол 20 мың теңге тауып берші. Ертең жалақым түседі. Ақша түскен бойда саған «Каспий голдқа» аударамын»,-дейді бұйымтайын алға тартып. Тура бір өлім мен өмірдің арасында тұрғандай. Алайда, оған бере қоятын ақшам болмағандықтан өтінішін орындай алмадым. Менен қайыр болмағасын ауылдас тағы бір жігіттің телефон нөмірін сұрап алды да тұтқаны қоя салды. Сол оқиғадан кейін карта ойынының мән-маңызына үңіліп, құмар ойынның жай-жапсары туралы сұрастырып көрдім. Сөйтсек, ауданымызда қыс түскен бойда «карта ойынының маусымы» ашылып, әр ауылда мақсатты түрде жиналып ойнайтындар көбейетін көрінеді. Бұрын тек қана қонақтықта шай мен еттің ортасында уақыт өткізу үшін ойналатын карта ойыны бүгінгі таңда дәстүрлі ойынға айналған. Сол себептен аталмыш тақырыпты індете зерттеп, сарапатағанды жөн көрдік.

3tuzaaaaaaa

«Сварға» тәуелділік басым

Тақырыпты зерделеу барысында үнемі карта ойынында жүретін ауылдас жігітті сөзге тартқан едік. Басында пікір білдіруден қашқақтаған ол «Аты-жөнімді жарияламасаңдар болды» деген шарт қойып, келісім берді. Кейіпкеріміздің айтуынша, ауданда ақша тігіп ойнайтын карта ойындардың ішінде «Свар» деген ойын кең етек алыпты. Ойын жүйесі де қарапайым. Әр адамға үш картадан жасалады. Солардың ішінде кімнің ұпайы жоғары болады сол адам бәске тігілген ақшаны иеленеді.

– Біз карта ойнағанда мүмкіндігінше тыныш әрі тәртіп сақтап ойнаймыз. Ол үшін арнайы шарттарымыз да бар. Мысалы, карта ойынға қатысушы адам арақ ішіп келіп, ойынның шырқын бұзбау қажет. Сондай-ақ, ойынға келуші әр адам «показбен» келеді. «Показ» деген сол күні болатын ойынның ақша мөлшері. Ол 20 мың немесе 30 мың теңге болуы мүмкін. Карта ойнайтын адам көрсетілген мөлшерден аз ақша алып келсе ойынға қатыспайды. Сондай-ақ, әр ойынның өз уақыты болады. Мысалы, кешкі сағат сегізден басталған ойынға түнгі үшке дейін уақыт қойылады. Сол белгіленген уақытқа дейін карта ойыннан ақша ұтып отырған адам кетіп қалмауы керек. Ал, ұтылып қалған адам әрі қарай ойнағысы келсе ақша алып келу үшін шығуға болады. Сондай-ақ, карта ойын өтіп жатқан үйге ешқандай да ақша төлемейміз. Себебі, үй иесі өзі де бізбен бірге ойнап отырады. Жалпы менің білуімше барлық ауылдарда да карта ойыны осы жүйемен өтеді. Және де әр карта ойнайтын адамның өзінің ортасы бар. Бізде де солай. Екі-үш жылдан бері бірге ойнайтын он шақты адамбыз. Аптасына 1-2 мәрте жиналып, ойнап тұрамыз, - дейді әлгі кейіпкеріміз. Осылайша, бізге карта ойнайтындардың ішкі құпиясын ашқан ол Миялының өзінде үнемі «Свар» ойнап тұратын дәл осындай 7-8 топ бар екенін жеткізді. Ал, малмен күнелтіп отырған Ойыл өзені бойындағы ауылдарда қыс басталарда карта ойынға бола арнайы бір өгіз немесе тайыншасын сатып, дайындалатындар да бар. Себебі, ол ауылдарда «показ» 50 мың теңгеден басталатын көрінеді. Бұл бір қарағанда бұйығы, тыныш жатқан ауылдардың өзінде бір түнде жүз мыңдаған қаржы карта ойынына тігіліп жатады деген сөз.

Карта ойыны заңды ма?

Карта ойыны жайлы сөз қозғағанда алдымен оның заңдылығына мән бергеніміз жөн. Өйткені, карта ойыны ақша тігіліп ойналады. Соған сай, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаевқа хабарласқан едік. Ол:

– Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 307-бабында заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырғандарға жаза қолданылатыны айтылған. Нақтырақ айтсақ, ойын мекемесiн заңсыз ашу, ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайларды жалға беру қылмысқа жатады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу немесе ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиясыз жүзеге асыратын болса, ол азаматтың мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Сонымен қатар, алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Міне, осы заң аясында карта ойынының заңды немесе заңсыз екенін анықтауға болады. Заңда көрсетілгендей егер бір адам карта ойыны үшін үй-жайын, сарайын жалға беріп, содан пайда тауып отырса, онда жоғарыда аталған бап бойынша жауапкершілікке тартылады. Ал, қонақтықта болмаса достарымен бас қосып уақыт өткізу үшін карта ойнайтындарға өкінішке орай тиым сала алмаймыз. Ең бастысы карта ойынының салдарынан дау-жанжал шығып, арты қылмыстық оқиғаға ұласпауы керек. Осы орайда, кей тұрғындардың «Әр ауылдан жиналып карта ойнайтындар бар» дегенді естиміз. Алайда, ешкім арыз жазбайды. Ал, арыз болмаса біз біреудің үйін заңсыз барып тексере алмаймыз, - деп жауап берді.

3tuzaaaaaaaaa

Күнәлі іске құмартпаған жөн

Карта ойнау тек қалтаңа ғана салмақ салмайды, сондай-ақ, дінде де күнәлі істердің бірі болып саналады. Бұл ретте, «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов:

– Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?» делінген. Осы аяттардан көріп тұрғанымыздай ақша тігіп карта ойнау дінімізде ауыр күнәлардың бірі болып саналады. Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін»,– дейді.

Яғни , кімде-кім құмар ойынға шақырса немесе ойнауға ұсыныс жасаса оның садақа беруі – міндет. Демек, ол күнәсі үшін садақа беріп қана құтыла алады деген сөз. Қорыта айтқанда, жастар бар ақшасын карта ойнап, құртқанша садақа беріп, жақсы амалдар жасасын, - деген пікірін білдірді. Алайда, заңда да, дінде де аса құптала бермейтін осы бір карта ойынынан тыйылып жатқан жастарымыз жоқтың қасы.

«Вахталық әдіспен» ойнайтындар да бар

Бір қызығы ауданда осыдан екі жыл бұрын халық арасында «Шарик» аталып кеткен букмекерлік кеңсе өз жұмысын тоқтатқаннан кейін, соған барып бәс тігушілер карта ойнауға ауысыпты. Бұл туралы бізге жолдасы үнемі карта ойнайтын ауыл тұрғыны Айман Ғалымжанова (аты-жөні өзгертілген) былайша мұңын шақты:

- «Негізі жолдасым бұрындары құмар ойындарға онша көп қызықпайтын. Тек осыдан 7-8 жыл бұрын ауылдан букмекерлік кеңсе ашылғалы әбден жаман үйреніп алды. Сөйтіп жүргенде әлгі кеңсе өз жұмысын тоқтатты. «Енді қойды ғой» деп қуанып жүр едік. Алайда, карта ойнайтынды шығарды. Өзі 28 күн вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Ауылға келгесін демалысының тең жартысын осы карта ойнауымен өткізеді. Бір сөзбен айтқанда картаны да «вахталық әдіспен» ойнайды. Сөйтсем ондайлар көп екен. Вахтада жұмыс жасайтындардың көбі осылай карта ойнайды екен. Олар алған жалақысының бір бөлігін карта ойынына алып қояды. Кейде 2-3 күн үй көрмей ойнап кетеді. Білмеймін, қалай қойдыратынымды?»

Расымен де қазір үлкен көлемдегі ақшамен карта ойнайтындар вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар және мал шаруашылығымен айналысатындар екені ақиқат. Осы орайда, қазіргі карта ойнаушыларды екіге бөлуге болады. Жастар жағы көбіне «Свар» ойнаса, үлкендер «Тұз, дамы» ойынын ойнағанды дұрыс көреді. Айтпақшы, қазір бір үйде жиналып карта ойнауды үлкендер де сәнге айналдырған. Ешқандай қонақтық, дастарқан болмаса да өздері күндізгі уақытта жиналып ойнайтын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда қалтаны қаққан карта ойыны жасты да, жасамысты да өзіне баурап алып отыр.

Түйін

Аз айтқанда да, көп айтқанда да қазір карта ойыны кең етек жайғаны жасырын емес. Сырт көзге үлкен өте өзекті мәселе болып көрінбесе де бұл ойынның да өзіндік тигізер зияны мен зардабы жетерлік. Біріншіден отбасылық бюджетке салмақ салса, екіншіден алтыннан қымбат болған уақыттың жауы. Осылай тізе берсек зияны шаш етектен. Алайда, біз айтқаннан пайда бар ма?! Егер әр азаматтың санасында сәуле болмаса... Қорыта айтқанда карта ойынында ешқандай да «чемпион» болмайды. Ал, шынтуайтында картаны ойнамаған адам ғана ұтады. Себебі, оның ақшасы да қалтасында, жүйкесі де тыныш, отбасында да береке бар. Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT