Облыс әкімінің іссапары барысында Қызылқоға ауылдық округіндегі Қарабау орта мектебі жанындағы авариялық жағдайдағы бастауыш мектеп ғимаратымен танысудан басталып, одан әрі жаңадан салынған «Қарлығаш» бөбекжай бала бақшасы, Қарабау фельдшерлік пунктінің тыныс-тіршілігімен танысты.
1367 тұрғыны, 247 тұрғын үйі бар округке жаңадан бастауыш мектеп пен екі жүз орындық мәдениет үйін, спорт мектебі мен 0,75 километр жүргіншілер жолын салу мәселесі бұрыннан бері ауыл тұрғындары тарапынан айтылып келе жатқан мәселе. Бұдан соң, 1500 тұрғыны, 310 тұрғын үйі бар Жамбыл ауылдық округінде жаңадан салынып жатқан фельдшерлік акушерлік пункттың құрылысымен танысқан облыс басшысы аталмыш округтегі «Жауқазын» бөбекжай балабақшасына да ат басын бұрды.
Бір айта кетерлігі – Жамбыл ауылдық округімен қатар, Көздіғара, Ойыл, Жангелдин ауылдық округтерінде де балабақша салу мәселесі өзекті болып тұр. Себебі, аталмыш округтегі балабақшалардың салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған. Заман талабына сай емес. Сонымен қатар, Қызылқоға, Жангелдин ауылдық округтеріне екі жүз орындық мәдениет үйін салу керектігі айтылса, Ойыл ауылдық округіндегі «Шалқыма» мәдениет үйіне күрделі жөндеу қажет. Сол сияқты, Қызылқоға, Жамбыл, Көздіғара, Ойыл, Жангелдин ауылдық округтеріне ауылішілік кірме және автокөлік жолдары, жаяу жүргіншілер, спорт мектебінің ғимараттарын салу, электр желілері бағаналарын жаңарту, Миялы орта мектебіне күрделі жөндеу, инфрақұрылымдық жоба жасақтау, ауылішілік парктерді жаңғырту секілді жұмыстар жүргізу бұрыннан бері айтылып келе жатқан ауыл тұрғындарының тілегі.
Облыс әкімі аталмыш округтерді аралап шыққаннан кейін Ойыл ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Қ.Жаңабаевтың мал бордақылау және сүт өнімдерін өңдеу цехымен танысса, одан әрі Тайсойған ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратын, Тайсойған су айдау стансасын, аудан орталығындағы орталық аурухана, балалар өнер және Б.Аманшин орта мектептерін, аудандық мұражай, қорғаныс істер жөніндегі бөлімі, №6 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, № 10 өрт сөндіру бөлімі ғимараттарын аралап шығып, оларды жөндеу жұмыстарына мүмкіндікке қарай қаржы бөлуді ойластыратынын қаперге берді.
Бауыржан СИСЕНОВ