Кеше аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті.
Оған аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, бөлім, мекеме басшылары мен округ әкімдері қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жаңа басшысы Қадыржан Оразғалиевті таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Содан соң мінбеге көтерілген аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Руслан Шұғаепов ауданда шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, былтыр ауданға су көп келуіне байланысты биыл үйірлі шегіртке үш есеге көбейіп отыр. Әсіресе, Тайсойған, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл ауылдық округтерінің жайылым және шабындық жерлеріне қауіп төндіруде. Аудан бойынша 16 мамыр мен 2 маусым аралығында дронмен - 1651 гектар, газогенератормен - 8800 гектар, делталетпен - 10549 гектар жер уланды. Улау жұмыстары әлі жалғасуда. Бұдан соң баяндама жасаған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфиева аудан аумағында егін егу және негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін арттыру мақсатындағы жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Аппарат жиынында бұдан өзге де мәселелер қаралып, аудан әкімі жауапты басшылар мен округ әкімдеріне бірнешеу тапсырма берді.
Дулат БЕРІК