ҚОҒАМЫМЫЗДА ҚАНША ТЕР ТӨГІП ЕҢБЕКТЕНІП ЖҮРГЕНІМЕН КӨП ЕЛЕНЕ БЕРМЕЙТІН ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАРЫ АЗ ЕМЕС. АЙТАЛЫҚ, МЕКТЕП АЙТЫЛСА – МҰҒАЛІМ, БӨБЕКЖАЙ ДЕСЕК – ТӘРБИЕШІ АЛҒА ШЫҒАРЫ СӨЗСІЗ. АЛ МҰНДАҒЫ ТҮРЛІ ҚАРАПАЙЫМ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ЕСКЕРІЛЕ БЕРМЕЙТІНІ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. ОСЫ ОРАЙДА «БАЛДӘУРЕН» БӨБЕКЖАЙЫНДА БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ АС-СУЫН УАҚЫТЫНДА ДАЙЫНДАП, УАҚЫТПЕН САНАСПАЙ ҰЗАҚ ЖЫЛДАРДАН БЕРІ ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ТӘЖІРИБЕЛІ ДЕ БІЛІКТІ АСПАЗДАРДЫҢ БІРІ – ҮБЕНОВА ЛӘЗЗАТ ҚҰЛЖАНҚЫЗЫ.
Ләззат орта мектепті ең үздік аяқтаған. Әттеген-айы, жоғары оқу орнына тапсырып көргенімен, жолы бола қоймады. Бірақ Ләззат қамығып, уақытты көп созбады, қалаға қалмады. Ауылға келіп, Индербордағы «Чебурашка» бөбекжайына аспаздың көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Бұл 1988 жылдың қыркүйек айы болатын. Ол кезде аталған бөбекжай қазіргі Индер желілік- өндірістік басқармасына қарайтын. Ақиқатын айтқанда Одақ кезінде бұл өндіріс орнында негізінен өзге ұлттың өкілдері еңбек етті. Жергілікті қазақтардан жұмысшы мамандықтардың өзінде санаулы-ақ газшы болғанын үлкендер жағы жақсы біледі. Тиісінше аталмыш бөбекжай қызметкерлері мен аспазшылар да өзге ұлттың өкілдерінен құралған еді.
Бөбек жайдағы аспаздар Валентина Рябова, Галина Березина, одан кейінгі Людмила Абляева, Күләш Нығыметова сынды аспаздардың қасында асхана көмекшісі болып, топ бүлдіршіндеріне тамақ пісірудің қыр-сырын үйрене береді. Сәтін салғанда өз ісіне жетік аспаздар да еңбекқор жас шәкіртке үйретуден жалықпапты. Кейіпкеріміз еңбектен қол үзбей жүріп, ауылшаруашылық колледжінен аспазшы мамандығын алып шығады. Уақыт өте келе аспаздардың үлкендері зейнеткерлік демалысқа шыға бастағаннан кейін аспаздық жолды өзі де жалғастырады. 2006 жылы «Чебурашка» жаңа орынға күрделі жөндеуімен көшіріліп, атауын «Балдәуренге» ауыстырды. Бұрынғы ескі орында бөбекжайдың 6 тобы болса, қазір 14 топқа дейін кеңейтілді. Қазір мұнда аспаздар Мар - жан Жұмағалиева мен Қойсын Молдағалиева, аспаз көмекшілері Айсана Шотықбаева мен Төлен Назерке - мен бірге бүлдіршіндердің күнделікті тамағын дайын - дап келеді. Бүлдіршіндердің ауқаттанатын мерзіміне қарай аспаз - дар екі ауысыммен жұмыс жасайды. Бірінші ауысымның жұмысы таңғы сағат 6.00-де басталып, сағат 8.30-да бүлдіршіндердің таңғы асын дайындайды. Түстен кейін екінші ауысым кешке дейін жұмысын жалғастырады екен.
-Ас мәзірі алдағы 10 күнге 10 түрлі мәзір бойынша жасақталады. Ол арнайы санитарлық ереженің норма - сына сай әр балаға шаққандағы өзінің өлшеміне, тамақтың құнарлығы мен қуаттылығына, майлылығына қарай есептеледі. Оның бәрі бөбекжайда диеталық мейірбике Гүлзира Мұхамедиярова мен асхана қоймашысы Жібек Таймағанбетованың қатысуымен жүзеге асып отырады. Бүлдіршіндерге таңғы асқа ботқа, түскі асқа сорпа, оған қосымша түрлі көкөністерден салаттар қосылады. Кисель мен шырыны, сүті мен айраны кезектестіріп беріледі. Таңғы ас пен түскі астың арасында дәрумендер алмастырылады. Түсқайта құймақ, сүзбе қосылған бөлке, тәтті бәліш пісіреміз. Бүлдіршіндердің ас мәзірі жақсы, көңілге қонымды. Бүлдіршіндердің де талғамы әртүрлі. Бірі қарақұмықтың, екіншісі күріштің ботқасын жақсы көреді. Әсіресе балалар тәтті бәліш, құймақтарды ұнатады. Бұл арада аспаздық мамандықтың жұмысы жеңіл деп айта алмас едім. Аспаз ас мәзірін белгілінген уақыт кестесіне дәлме дәл дайындап отыруға асқан жауапкершілік пен ұқыптылықпен қарауы қажет. Әрі үлкен қазандарда ас пісірілетіндіктен, қол күшін де қажет етеді. Оған шыдамдылық пен шапшаңдық керек. Әрине тазалық та өте маңызды. Ал, бастысы, таңдаған мамандығыңа сүйіспеншілікпен қарасаң, қандай қиын істі де өз ретімен жақсы атқаруға болады, - дейді тәжірибелі аспаз Ләззат Құлжанқызы.
Бүлдіршіндердің күнделікті тағамын дайындауда ешқандай да қателікке жол беруге болмайды. Тамақ пісірілгеннен кейін де оның сақталу уақыты маңызды. Яғни бүлдіршіндердің піскен тағамнан уланып қалмауы үшін оның қауіпсіздік шаралары қатаң ескеріледі. Осы орайда аспаздардың ас дайындауынан жоспарға сәйкес аудандық санитарлық-эпедемиологиялық басқарма мамандары тара - пынан тамақтан сынамалар алынып, оның құнары, калориясы, бәрі-бәрі мұқият тексеруден өтіп тұрады. Сонымен қатар кейіпкеріміз – өнегелі отбасының ұйытқысы. Көңіл жарастырып қосылған жолдасы Қайыржан Ешекенов қазір Теңіз кенішінде ауысымдық әдіспен еңбек етеді. Бүгінде екеуі отбасында тәрбиелеген 3 баладан тараған ұрпағының қызығын көріп отыр.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ