Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Туған жердің топырағы бұйырмаған Ата

Ұлы Отан соғысының қайғы – қасіреті сол кездегі барлық кеңестік отбасылар сияқты біздің отбасымызға да қатты әсер етті.

Олай дейтінім, сұм соғыстың кесірінен менің аталарым Байтүгел Таңатов 7 жасында, Ақесен Таңатов 3 жасында «жетім бала» , әжем Лайық Таңатова «жесір ана» атанады. Себебі, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан майдан даласынан сол жылдары Сағыз ауылынан солтүстік батыста 7 километр қашықта орналасқан «Шоқат» колхозының орталығы Сартоғай ауылына үлкен атам Тасемен Таңатов «хабарсыз кетті» деген суық хабар келеді. Тасемен атам 1895 жылы сол кездегі Былқылдақты ауылдық кеңесіне қарасты Сартоғай елді мекенінде туған. Кеңес өкіметін жас жігіт кезінде қарсылап, ТОЗ құруға, артель ұйымдастыруға, Сартоғайда «Шоқат» колхозының қалыптасуына белсене араласады. 1930 жылдары Ойылдың Лайық деген қызымен отау құрады.

Соғысқа 1942 жылдың 18 ақпан Мақат аудандық әскери комиссариаты арқылы алғашқылардың қатарында шақырылады. Әжем Лайық екі жас баласымен мал бағу, сиыр сауу, колхоздың шөбін дайындау тағы басқа да қым – қуыт шаруаларын атқарады. Ұлы Отан соғысы аяқталғанымен, әрі «қаза тапты» деген хабар болмағасын әжем Лайық өмірден өткенше атамызды күтумен кетті. Тіпті соғыс жесіріне берілетін жеңілдікті «Қалай алам, ол тірі ғой» деп келіспеген көрінеді. Байтүгел, мен Ақесен аталарым олардың ұл –қыздары Рая, Райгүл, Ержан, Нұржан тағы басқалары сол кездері орталық газеттерде ата – тегі ұқсас адамдар туралы мақала жазылса қатты ойланып талай сезімдерге беріліп үміттерін үзбейтін. Тәуелсіздік жылдары біздің отбасымызға «хабарсыз» кетті деген Тасемен Таңатов атамның «Майдан даласында талай ұрыстарға қатынасқаны, шайқастарда ерліктер көрсетті. Беларуссия Республикасы, Витебск облысы Дувровненск ауданы, Рыленки селосы үшін болған ұрыс кезінде қаза тауып, сол жерде жерленген» деген хабар келді. Бұл 1944 жылдың 20 маусымы күні еді.

Атам соғыс жылдары 88 атқыштар девизиясының 758 атқыштар полкі құрамында жаяу әскер болған. Сөйтіп басқыншылық соғыстың әсерінен Тасемен атама туған жердің топырағы бұйырмай, сүйегі қазіргі Беларуссия жерінде жерленгені анықталды. Әрине, тағдырдың жазғаны солай болар. Біз атамыздың бүгінгі барлық ұрпағы ол кісіні өзімізге үлгі тұтып, мақтан етеміз. Ауылда менің атам сияқты ондаған аталардың тағдырына алаңдап, іздестіру жасап жүрген ауыл азаматтарына, округ әкімшілігіне ризашылығымызды білдіреміз. Себебі, атаның есімі Серік Тұрыш пен Бауыржан Сисенов құрастырған «Ерлікке тағзым» кітабына енгізіліп, 1980 жылы туған, №9 орта мектепті бітірген түлектердің 20 жылдық кездесуінде тарту еткен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері қашап жазылған ескерткіште жазылған. Биыл жеңістің 75 жылдығында да ата рухына бас иіп, артындағы ұрпақтары ел үшін аянбай еңбек етеміз деген сенім білдіреміз.

Күмісай БАЙТҮГЕЛ,

Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 3 курс студенті

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT