Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Елімізде егін жинау науқаны қалай жүріп жатыр

Коллаж: Kazinform / Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық диқандар егін жинау науқанын аяқтауға таяп қалды. Биылғы маусымда ел аумағында қанша өнім жиналды және еліміз қай мемлекеттерге астық экспорттауды бастап кетті? Kazinform тілшісі тақырыпқа шолу жасады. 26,9 млн тонна астық жиналды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шамамен 16 млн гектар аумақта дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналған. 28 қазандағы жағдай бойынша, 15,9 млн гектар аумақта немесе жалпы егіс көлемінің 99,2%-ында егін ору жұмысы жүргізіліп, 26,9 млн тонна астық бастырылды.

    - Дәнді дақылдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 3,7 млн тонна майлы дақыл, 2,9 млн тонна картоп (өнімділігі – 226,3 ц/га), 3,8 млн тонна көкөніс (өнімділігі – 297,3 ц/га) жинады. Сондай-ақ 497,5 мың тонна қырыққабат (333,4 ц/га), 1058,5 мың тонна пияз (429,9 ц/га), 387,7 мың тонна сәбіз (283 ц/га) жиналды», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Министрліктің мәліметінше, егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде және өз мерзіміне сай жүргізіліп жатыр. Қазір өңірлерде ауа райына байланысты және жұмыс процесіне қатысты ешқандай қиындық жоқ.

Экспорт басталып кетті

Құзырлы ведомство мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның дерегіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қыркүйектен 19 қазан аралығында елімізден 1,6 млн тонна биыл алынған астық экспортталды. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 14% артық (2024 ж. – 1,4 млн т).

Экспорт көлемінің негізгі өсімі Орталық Азия және Кавказ елдеріне тиесілі.

    Өзбекстанға – 41%-ға артқан (568 мың тоннадан 801 мың тоннаға дейін);

    Тәжікстанға – 3,8%-ға (236 мыңнан 245 мың тоннаға дейін);

    Қырғызстанға – 2,6 есеге (17 мыңнан 45 мың тоннаға дейін);

    Әзербайжанға – 3,4 есеге (11 мыңнан 38 мың тоннаға дейін);

    Ауғанстанға – 28,6%-ға (56 мыңнан 72 мың тоннаға дейін);

    Түрікменстанға – 66,7%-ға (3 мыңнан 5 мың тоннаға дейін).

    - Экспорттың өсуі қазақстандық астыққа жоғары сұранысты және өнімді көрші елдерге жеткізудегі тұрақты логистикалық бағыттардың қалыптасқанын көрсетеді, - деді министрліктен.

Өсімнің себептері

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл жоғары өнім көрсеткішін тыңайтқыштардың уақтылы себілуімен және көктемгі егіс жұмыстарының ерте қаржыландырылуымен байланыстырады.

24 қазандағы жағдай бойынша егіс науқанына бөлінген 700 млрд теңгенің 502 млрд теңгесі игерілген. Аграрлық несие корпорациясы 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру бойынша фермерлерден өтінім қабылдауды бастап кетті.

    - Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы алу үшін бөлінген 250 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа 253 млрд теңгеге өтінім түсті. Бұл шамамен 8 мың ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік береді. «Даму» қорының желісі бойынша көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына берілетін несиелердің 85% дейін кепілдендіру бағдарламасы жалғасып жатыр. 24 қазанға дейін жалпы сомасы 196,9 млрд теңгеге 1336 кепілдік берілді, несиелердің жалпы сомасы 231,7 млрд теңгеге жетті, - делінген хабарламада.

Астық қоймаларында орын жеткілікті

Лицензияланған астық сақтау қоймаларындағы ахуал мынандай: 5,4 млн тонна (40%) толтырылған, 7,8 млн тонна сиятын орын бос. Ел бойынша астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннадан асады.

Егін жинау науқаны басталғалы элеваторларға 6,7 млн тонна астық тапсырылған, бұл көрсеткіш былтырдан екі есе көп. Астықтың 54% - үшінші сыныпты.

Жемшөп дайындау

Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдары ұсынған ақпаратқа сәйкес 25 қазанға дейін 37,8 млн тонна жем-шөп дайындалған.

Оның ішінде:

- 25 млн тонна пішен (101,9%);

- 1,9 млн тонна бастырылған пішен (112,9%);

- 3,9 млн тонна құрама жем (71,7%);

- 2 млн тонна сүрлем (102,3%);

- 4,8 млн тонна сабан (101,7%).

Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарына тиесілі, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу өңірлерінде байқалады.

    - Дайындалған жем-шөп көлемі 2025–2026 жылдардағы мал қыстату науқанын қолайлы өткізуге және мал шаруашылығы нысандарын тұрақты түрде жем-шөппен қамтамасыз ету үшін қажетті қор қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ведомстводан.

Айта кетейік, бір апта бұрынғы мәлімет бойынша елімізде 26,4 млн тонна астық бастырылды.

Сондай-ақ отандық астық өндірісі саласындағы ахуалға шолу жасаған едік.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT