Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тойға реформа керек пе?

Бұл төтенше жағдай той десе «қу басы домалап», делебесі қозатын қазақты біраз қызықтан айырғаны белгілі. Арғы-бергі тарихты қарар болсақ дәл осылай екі ай бойы той жасамай үйде отыру соғыс кезінен бері болмаған оқиға шығар.

Әрине, басында оғаш көрінген бұл жағдайға халық бір ай өткеннен кейін үйреніп те кетті. Қайта төтенше жағдай кезінде тойға бармай, қонақ шақырмай, көрімдік бермей біраз қаржы үнемделіп, қалталарында қалды. Ендігі мәселе – ел тұрғындары карантиннен кейін де осылай үнемшіл болып, басы артық тойлардан бас тарта ма, әлде баяғы әніне салып, «Оралыңның барында ойна да күлге» сала ма?

Осы орайда, Миялы ауылының белсенді азаматы Есенбай Нұров:

Менің ойымша төтенше жағдай біраз тойды болғызбай тастады деп қамығудың қажеті жоқ. Қайта карантиннен соң қазақтың тойы бір жүйеге түсуі тиіс деп ойлаймын. Тек қана үйлену және қыз ұзату тойлары жасалып, қалған 30 жас, 40 жас, тілашар, шілдехана дегендерді мейрамханаларда дүркіретіп жасаудың қажеті шамалы. Содан кейін аузын жыбырлатып пәлен мың ақша алып кететін әншілер мен шоумендерді шақыруды да азайтқан абзал. Халықтың ақшасына семірген көптеген жұлдыздардың елді алдап, лотерея ойнатып, алды ұсталып жатқанын бәріміз көріп-біліп отырмыз. Сондықтан оларды тойға шақырып, аста-төк қаржы бергенще сол қаржыға шағын кәсіп ашқан дұрыс. Ауыл жігіттері жиналып ауыл шетінен жылқы қамайтын орын жасақтап, сол жерден бие саууды қолға алсын. Осылайша саумал мен қымыз сатып кәсіптің жаңа түрін игерсін. Қысқасы карантиннен кейін қазақ той жасап емес, кәсіп ашып бір-бірімен бәсекеге түскені дұрыс – дейді.

Ауыл тұрғынының бұл пікірі орынды. Дегенмен дүние мен малды оңды-солды шашу үшін жинайтын қазақ халқы екі айлық карантинге бола той-томалақтан бас тарта қоймайтыны анық. Алайда, қазақтың тойына реформа керектігін жас та, жасамыс та түсінгендей болды. Бұған дейін шашпашылық пен дарақылықтан алдына жан салмаған қазақтың тойы карантин ашылғаннан кейін бір жүйеге түсіп, артық шығынсыз әдемі де, мағыналы тойға айналуы тиіс.

Әйтпесе, Крыловтың мысалындағы шырылдауық шегітркенің күйін кешіп, ертеңгі тағы бір оқыс жағдайлар орын ала қалса дайын болмай қапыда қалуымыз ықтимал.

Дулат Ғұбайдуллин

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521