Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Дизайнерден мемлекеттік қызметке дейін...

Бүгінде өзінің еңбегімен еленіп, білімімен дараланған жалынды жастар аз емес. Солардың бірі – қарабаулық Абылай Амандықұлы.

Қазіргі таңда Қызылқоға ауданы әкімінің кеңесшісі болып қызмет жасайтын ол мемлекеттік қызметке келгенше сан түрлі жолдардан өткенін айтады. Ол алғашқы жұмысын 2012 жылы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде ақпараттық жүйелер мамандығында оқып жүріп, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына суретші болып бастаған. Бұл студент үшін зор жетістік еді.

Артынша дипломын қолға алғасын белгілі журналист Назарбек Қосшиевтің бағыт беруімен «Қазақстан-Атырау» телеарнасына дизайнер ретінде жұмысқа орналасқан. Үлкен жауапкершілікті талап ететін бұл жұмыста өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бір күн ештеңе емес, эфирдің бір минуты жабылмай қалса жасаған жұмысың еш кететін бұл сала Абылайды ыждағаттылыққа үйретті. Кейіннен 2014 жылы өзінің идеяларын жүзеге асыратын жаңа орта керектігін түсініп әрі жоғары оқу орнынан түсіп, білім алуды көздеген Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ақылы бөліміне оқуға түседі.

Оқу орны қабырғасында да белсенділігімен көзге түскен Абылайды университет ректораты 2016 жылы грантқа ауыстырады. Осылай жоғары оқу орнын сәтті аяқтаған Абылай 2017 жылы Атырауға келіп, қалалық жастар ресурстық орталығына дизайнер болып жұмыс тұрады.

– Мені ол жұмысқа орталық басшысының орынбасары қызметін атқарған Әмина Жәрдемқызы алып келді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей ол кісіден алған тәлім-тәрбием мол болды. Жастар орталығында түрлі жобалар жасап, жастар саясатының дамуына үлесімізді қостық деп есептеймін. Мен жерде жасаған дизайнерлік жұмыстарымның тартымдылығына және әр жасаған жұмысымның бір-біріне ұқсамауына баса назар аудардым. Кейіннен кішкентай таланттарды тез байқағыш жігіт Дәурен Сейітқалиевпен бірнеше жобада жұмыс жасадым. Дәурен көрсеткен бағыт, айтқан идеяларынан шығармашылық жағынан шыңдалып отырдым. Ал, 2018 жылдың басында Атырау облыстық азаматтық орталық мекемесі ашылды. Сол жерге дизайнер болып орналысып, үкіметтік емес ұйымдардмен тығыз жұмыс жасадым. Жалпы Атырауда белгілі дизайнерлер көп. Бірақ, мемлекеттік мекемелермен, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасайтын дизайнер жоқтың қасы. Сондықтан болар, менің жұмыстарымды, колористикамды көбісі бірден байқайды. Осылайша ол жерде де жүйелі жұмыс, тың идеялармен көріне білдік десем мақтанғандық емес, – дейді Абылай Амандықұлы.

Ұзақ жыл дизайн саласының қазанында қайнап, жан-жақты тәжірибе жинаған ол биылғы жылдың басында аудан орталығына Миялыға келеді. Оның ауданға келуіне ауданның жас әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің өзі мұрындық болады. Қаладағы түрлі орталықтар мен мекемелерде жұмыс жасап шыңдалған Абылайды өзіне кеңесшісі етіп тағайындаған аудан басшысы оған жаңа жоба, тың идеяларды ұсынып отыруды тапсырады.

Осылайша дизайнерліктен мемлекеттік қызмет саласына келген Абылай Амандықұлы өзіне артылған сенімді ақтап, ауданның даму жолында бар білім мен білімімді арнаймын деп бекініп отыр.

Ендеше жас та болса жақсы істерімен көзге түскен оған толағай табыс пен жұмысына жеміс тілейміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521