Иә, бүгінгі теміржол – тек өткеннің тарихы емес, болашақтың да іргетасы. Осы күрделі салада буын сабақтастығы айқын көрініс табады: аға буынның тәжірибесі мен жас мамандардың жігері ұштасып, ортақ мақсатқа қызмет етеді. Жастар да теміржолдың күрделі де мәртебелі жолын таңдап, бұл саланың тыныс-тіршілігіне тың серпін әкеліп жатыр.
Еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығында темір жол саласының алатын орны айрықша. Бұл қозғалыс пен тәртіп, нақты жоспар мен уақытқа санасуды талап ететін жауапкершілігі мол жүйе. Сол жүйенің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқан жастардың бірі – Зинеден ауылының тумасы, еңбек жолын теміржолдан бастаған Жантілек Жұмабаев. Жантілек – кәсіби жолын жүрек қалауымен таңдаған, өз ісіне ынта-ықыласымен кіріскен жас маман. Ол үшін темір жол – жай ғана жұмыс орны емес, өз өмірінің бағдарына айналған салмақты жол. Күнделікті жұмысындағы ұқыптылық, уақытпен үндес әрекет ету қабілеті мен ұжымдағы жауапкершілік – оның болашақта бұл салада сенімді маман болып қалыптасарына кепіл. Темір жол – тек рельстер мен вагондар ғана емес. Ол – адамдардың тағдыры, күнделікті тіршілік пен мыңдаған жоспардың өзегіне айналған жүйе. Жантілек сол жүйенің ішінде өзінің орнын тауып, заманауи техниканы меңгеріп, жұмыс сапасына жан бітіріп жүрген жас маман ретінде өзгелерге де үлгі бола алады.
«Мамандық – таңдау емес, тағдыр» десек, Жантілек үшін бұл тағдыр темір жолмен өрілген еңбек жолы. Әрбір атқан таңын тәртіппен бастайтын, әр сапарын сеніммен аяқтайтын ол жаңа буын теміржолшылардың шынайы өкілі. Жас маман еңбек жолын 2024 жылдың сәуір айынан бастап «Электромонтер СЦБ» мамандығы бойынша қызмет атқарып келеді. Бұл мамандық теміржолдың «көрінбейтін қауіпсіздік күзетшісі» десек артық айтқандық емес. Себебі, электромонтер СЦБ-ның күнделікті атқаратын қызметі пойыз қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Электромонтер СЦБ мамандығы бойынша Жантілек теміржол сигнализация жүйелеріне техникалық қызмет көрсету, орталықтандыру жүйелерін бақылау, блокировка жүйесіне қызмет көрсету, кабельдік және релейлік жүйелермен жұмыс және қауіпсіздік техникасын сақтау сынды жауапты міндеттерді атқарады. Аталған міндеттерді адал атқара жүріп, өзін үнемі дамытуға тартынбайды десек артық айтқанымыз емес. Олай деуіміздің себебі жақында ғана Ақтөбе қаласындағы арнайы оқу орталығында 3 айлық «Электромеханик СЦБ» курсын аяқтап, жоғары – 90 балл көрсеткішіне қол жеткізді. Бұл жетістік оның тек техникалық қабілетін ғана емес, сонымен бірге мамандығына деген сүйіспеншілігін көрсетеді.
– Теміржол саласы қызығы мен шыжығы қатар жүретін ерекше сала. Бұл тек қана жұмыс емес, бұл тәртіп, жауапкершілік, уақытпен санасу, бірлікпен үздіксіз даму жолы. Ел экономикасының күре тамыры саналатын шойын жол бойында қызмет ету – үлкен мәртебе әрі аманат,-дейді Жантілек Жұмабайұлы.
Жантілек секілді ел ертеңін ойлайтын, кәсібіне адал, білім мен тәжірибені ұштастыра білген жас-тар еліміздің темірқазығы. Олар болашақта теміржол жүйесінің сенімді тірегі, салада жаңашылдық пен сапаның кепілі болары сөзсіз.Заман талабына сай білім алып, дамудан қалыспай, еңбекке ерте араласқан осындай жастарымыздың бары ауылдың да, елдің де абыройы. Келешекте Жантілектей жалынды жастардың саны артып, теміржол саласында жаңа жетістіктер мен жаңалықтарға жол ашыларына сеніміміз мол.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ