Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тегеурінді тергеуші

Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады.

Ал, полиция қызметінде тергеушілік ісіне ғұмырын арнаған жеке адамдардан бөлек, әке жолын қуған азаматтар баршылық. Солардың бірі – полиция майоры, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары әрі тергеу бөлімшесінің бастығы Дархан Сайынұлы. Оның әкесі Бұлжанов Сайын да ұзақ жыл ішкі істер бөлімінде тергеу бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

– «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, бала күнімнен әкеме еліктедім. Оның әр істі қолға аларда терең ойланып, мұқият зерделей білгенін көріп, өстім. Оқуды бітіріп диплом алғаннан кейін менде әке жолын қуып, тергеуші болып қызметімді бастадым. Әрине, әр іс әрқалай жүргізіледі. Оның ішінде ауыр қылмыстық істер де болады. Қылмыстық істерді ашу кезінде кейбір түндерде ұйықтамайтын кезіміз де болады. Көпшілігі өздері істеген қылмыстарын мойнына алмайды. Жасаған қылмысты мойындату үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарымен тергеп, әрбір істі терең әрі тиянақты зерттегенде ғана, істің соңғы нүктесі қойылады. Алдыңнан түрлі санаттағы қылмыстық істердегі күдікті қылмыскермен тілдескенде бірінші кезекте қаталдық пен әділдікті және талапшылдықты сезінемін. Менің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерім ата-анам мен әріптестерімнің арқасы, – дейді кейіпкеріміз.

Жас та болса тергеу саласында қызмет етіп келе жатқан полиция майоры Дархан 2020-2021 жылдары барлығы – 100-ге тарта оқиғаның ақ-қарасын анықтап, сотқа жолдаған. 1988 жылы Мұқыр ауылында дүниеге келген ол 2005 жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепті, 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдады. Алматы қаласындағы ІІМ академиясының тыңдаушысы болған Дархан 2010-2014 жылдары аудандық ішкі істер бөлімінде тергеу бөлімінің тергеушісі, 2014-2016 жылдары аға тергеуші, 2016 жылдан бастап осы күнге дейін аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары әрі тергеу бөлімшесінің бастығы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Бүгінде анасының қолында өмірлік серігі Гүлназым екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отырған әке. Қызметінен тыс кезде салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылданады. 2008 жылы Ақтөбе қаласында өткен жастар арасындағы дзюдо күресінен ІІІ орынды жеңіп алса, 2021 жылы Атырау облыстық Полиция Департаменті қызметкерлері арасында өткен футболдан «Үздік қақпашы» номинациясын иеленді. Мінсіз қызметі үшін ІІІ дәрежелі және «ҚР ІІМ Полициясына 25 жыл», ҚР ІІМ «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен, «Тергеу қызметіне – 50 жыл» мерекелік төсбелгісімен және облыстық полиция департаментінің Алғыс хат, граматоларымен марапатталды. Адам тағдырына деген жауапкершілігі үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман әріптестерінен тәжірибе жинақтаған Дархан алда да өз қызметін абыроймен атқарары сөзсіз.

Кәмшат ӘБІШ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT