Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Арманы орындалған капитан

Иә, қоғамда форма киген полицейлердің мәртебелі қызметі қай уақытта болмасын қажетті әрі жауапты мамандық. Сағыз ауылдық учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрболат Оңдасынұлы осы бір жауапты қызметті абыроймен атқарып келе жатқандардың қатарында.

– Полиция қызметкері болу – менің бала күнімнен бергі арманым еді. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жалпы бұл қызметті халыққа көп көмегі тиетін сала деп есептеймін, - дейді кейіпкеріміз.

Сағыз ауылында дүниеге келген ол Кенбай орта мектебін ойдағыдай аяқтап, 2010 жылы Ақтөбе өңірлік Қ.Жұбанов университетінің құқықтану мамандығын алып шықты. 2013 жылы алғашқы еңбек жолын Мақат аудандық полиция бөлімінің Ювеналды полиция тобының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметінен бастады. 2016 жылы учаскелік полиция инспекторы лауазымына ауысты. 2017 жылы өзінің туып өскен жері Сағыз ауылында Сағыз ауылдық полиция бөлімшесінің кезекші инспекторы лауазымын атқарса, бүгінде учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны. Жолдасы Жанаргүл екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Он жылға жуық осы салада еңбек етіп келе жатқан ол: «Кез келген полицей елі мен халқына қалтқысыз адал қызмет етуі тиіс» дейді.

33 жастағы Нұрболаттың жұмысы таңнан кешке дейін әртүрлі жағдайдағы шақыртулармен үйлерді аралаумен өтеді. Еселі еңбегіне сай, аудандық полиция бөлімі бастығының алғыс хаты мен мақтау қағаздарымен марапатталды. Әрқашан өз қызметіне адал болып, қоғамдық тәртіпті сақтауда қырағылығымен көзге түсіп жүрген Нұрболат алда да талай жетістікке жетеді деген сенімдеміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521