Таяуда NCOC компаниясының демеушілігімен облыстық ардагерлер кеңесіне берілген «JAY-5» маркалы оттегі концентраторының екеуі Қызылқоға ауданына бөлінген еді.
Аудандық соғыс және тыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Мақсот Карин аталмыш құрылғының біреуін миялылық тыл еңбеккері Қайыржан Әмірғалиевке табыс етті.
– Бүгінгі таңда ауданда Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлер жоқ, 128 тыл еңбеккерлері бар. Сондықтан, облыстық ардагерлер кеңесі екі оттегі концентраторын аудандағы демікпесі бар тыл ардагерлеріне берген болатын. Соның біреуін сізге тапсыруды ұйғардық. Осы құрылғыны игілігіңізге пайдаланыңыз, - деген аудандық соғыс және тыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Мақсот Карин құрылғыны пайдалану жолдарымен таныстырды. Бұл сыйлыққа ризашылығын білдірген тыл ардагері Қайыржан Әмірғалиев әлемді жайлаған пандемияны жұдырықтай жұмылып жеңіп шығуға шақырып, елімізге тыныштық пен бейбітшілік тілеп, батасын берді.
Бауыржан САҚТАСИНОВ