Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТЫНЫШТЫҚ ҚАЖЕТ

Әрине, ел болған соң түрлі жағдайлар болады. Кезінде талай соғысты, ашаршылықты көрген ата-бабаларымыз сабырлығымен, даналығымен, ауызбіршілікпен халықты ұстап отырды.

Небір даулы жанжалдарды ақылдасып, кеңесіп шешті. Сондықтан, қазіргі кезде бізге де сондай сабырлылықпен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық қажет. Кезінде елімізге тағдыр талайымен келген түрлі этнос өкілі бір нанды бөліп жеп, қиындықта қатар жүріп, қуаныштарын бірге бөліскені белгілі. Алайда, соңғы жылдары диаспора өкілдерінің жас буыны қазақ тарихын, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын білмей өсіп келе жатқан секілді.

Таяуда Қордай ауданында еліміздің тыныштығын бұза жаздаған кикілжің соның бір айғағы дерсің. Орын алған оқиғаға байланысты кейбір деректерге қарағанда дүнген ұлтының азаматтары шектен шығып, қазақ қартын ұрған, полиция қызметкерлеріне сес көрсетіп, төбелескен. Менменсіген әлдебір ақымақтың кесірінен тәртіпсіздік жағдай орын алды. Арты жаппай төбелеске ұласты.

Біздің тәуелсіздік алғаннан бері ұстанымымыздың бірі – қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдерінің татулығы еді ғой. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл жиын өткізіп, мемлекеттік комиссияға тиісті тапсырмалар берді. Дегенмен, ұсақ ұлттардан шыққан кей тентекті тезге салуда шектен шықпасақ екен деймін. Біз өркениетті елміз, мемлекетпіз. Өзіміздің заңымыз бар. Ел ішін бүлдіруге себепші болған қай тентек те заң алдында жауап беруі керек.

Сондай-ақ, ақпарат таратқанда абай болған жөн. Қазір әлеуметтік желілерде Қордай оқиғасы жайлы ақпараттар кеңінен таралуда. Соның бәрі бірдей нақты шындық деп айтуға болмайды. Қазақ елі көп ұлттың ортақ мекені. Қазақта «Бетеге кетер, бел қалар, бектер кетер, ел қалар» деген сөз бекер айтылмаған. Сол себепті қоғам сабырға келіп, әр азамат өздерін ақылға жеңдіріп, ел бірлігі тәуелсіздік тірегі екенін ұмытпауы тиіс.

Серік ТАУМАН,

Қызылқоға ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521