Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

31147 ГЕКТАР ЖЕР КЕРІ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

Онда алдымен аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев аудандағы жерді игеру және пайдалану мәселелері бойынша баяндама жасады. Баяндамадан білгеніміздей, ауданының жер көлемі барлық жеті жер санаты бойынша - 2 474 275 гектар. 2018-2019 жылдары ауылдық округтер бойынша игерілмеген барлығы 24 - 43 гектар кәсіпкерлік жер учаскелері анықталды. Аталған жер учаскелеріне тиісті шара қолдану жөнінде Атырау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына 17 жер пайдаланушыға шара қолдану жөнінде ұсыныс жолданып, нәтижесінде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92, 94, 148 баптарына сай 12 жер пайдаланушыға бір жыл ішінде нысаналы мақсаты бойынша игеру жөнінде нұсқамалар берілді.. Екі жер пайдаланушыға нысаналы мақсаты өзгертілуіне, сыйға тартылуына орай мерзімі өтпеген деп табылып, үш жер учаскесі бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының шақыртуына еш себепсіз келмеуіне орай шара қолдану мүмкіндігі болмағандығы туралы қорытынды алынды.

Сондай-ақ, тиісті құжаттары жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне тіркелмеген жеті жер учаскелері кері қайтарылып, аукцион арқылы кері айналымға салынды. 2003 жылғы 20 маусымдағы №442 Жер Кодексіне 2018 жылдың 4 мамырында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №151 Заңымен енгізілген 17 бабының (аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органның құзыретi) 2-1 тармағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жергілікті атқарушы органның құзырына берілді. Алайда, аталған заң талабы бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастыру үшін осы кезге дейін қағида бекітілмеуіне орай игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлеріне тиісті шара қолдану жұмыстары ұйымдастырылмады. Қазіргі уақытта аталған құзыреттілікті Атырау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының құзыретіне кері беру жөнінде Заң жобасына келісімдері алынып, қабылдануы күтілуде.

- 2018 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген 17688 гектар жер учаскесінің 7056 гектары аудан жер қорына кері қайтарылып, қалған 10632 гектар жер пайдаланушыларға кері қайтару жөнінде ескертпе хаттар берілсе, былтырғы жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген 37962 гектар жер учаскесінің 31147 гектары аудан жер қорына кері қайтарылып, қалған 6815 гектар жер пайдаланушыларға кері қайтару жөнінде ескертпе хаттар берілді. Барлық қайтарылған жер учаскелері түсінік жұмыстары нәтижесінде жер пайдаланушылардың өз еріктерімен тапсырылуда. 2020 жылдың қаңтар айында 2018-2019 жылдары қайтарылмаған жер учаскелердің ішінен жалпы көлемі 1702 гектар 2 жер учаскесі кері қайтарылды. Аудан бойынша қазіргі уақытта игерілмей отырған 2018-2019 жылдары анықталған 15745 гектар жер бар. Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланушылар саны - 323, олардың пайдалануындағы жер телімдерінің жалпы ауданы – 612 787 гектар. Берілген жер учаскелерден түсетін жер салығы шамамен жылына – 3 830 000 теңгені құрайды. Жыл ішінде шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі екі рет конкурс өткізілді. Конкурс 75 лот бойынша ұйымдастырылып, нәтижесінде 58 лотқа өтініш түсіп, 55 жеке және заңды тұлғаларға, шаруа қожалықтарына 68423 гектар жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға) құқығы берілді. Сонымен қатар, жыл ішінде жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттық (аукцион) төрт рет ұйымдастырылды. Аукционға 56 жер учаскесі шығарылып, аукцион қорытындысымен 40 жер пайдаланушыға 134,85 гектар жер учаскелері пайдалануға беріліп, аудан бюджетіне 39124912 теңге түсірілді. Қалған 16 жер учаскесіне өтінім түспеуіне байланысты өтпеген болып танылды, - дейді аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев.

Қазіргі уақытта Миялы, Сағыз, Мұқыр, Тайсойған ауылдарының шекаралары бекітілді. 2020 жылдың І тоқсанында Қарабау, Қаракөл, Тасшағыл, Қоныстану, Жасқайрат, Жангелдин ауылдары мен Тасқұдық елді мекенінің шекаралары бекітілетін болады. Жерге орналастыру жобалары дайын. Аудан бойынша 26 елді мекен бар. Миялы, Сағыз бас жоспары және Мұқыр, Тайсойған Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау ауылдары, Жамансор, Жантерек, Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Қоңыраулы, Былқылдақты, Кенбай, Қоғам, Бүйрек, Қосқұлақ елді мекендерінің жеңілдетілген бас жоспарлар жасақталып берілді. Қалған 4 елді мекен әлеуеті төмен елді мекендер қатарына жатқызылуына орай жеңілдетілген бас жоспар жасақталмаған, олар Жамбыл ауылдық округінің Айдын елді мекені, Мұқыр ауылдық округінің Кенбай елді мекені, Тасшағыл ауылдық округінің Қоныстану елдімекені, Ойыл ауылдық округінің Аққора елді мекені. Былтырғы жылы бірлескен облыстық әкімдіктің қаулысы және облыстық мәслихаттың шешімі негізінде Индер ауданына қарасты Бұхар ауылының әкімшілік бағыныстылығы ауданға қабылданып, Қызылқоға ауылдық округінің елді мекені болып бекітілді. Қазіргі уақытта Бұхар елді мекенінің жеңілдетілген бас жоспары жасақталмаған. Бұл бағытта жеңілдетілген бас жоспарын жасақтау мақсатында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсыныс берілді. Тұрғын үй құрылысын салу үшін 28684 шаршы метр жер телімі беріліп, 11905 шаршы метр жеке меншікке 87 тұрғын үй қабылданды. 2019 жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүргізілген Миялы ауылынан кезектілік бойынша 184 жер учаскесі берілді. Биылғы жылы дайын жаңа жоспарлау алаңдарынан Сағыз ауылынан 160 жер учаскесі және Мұқыр ауылынан 142 жер учаскесі, барлығы 302 жер учаскелері берілу жоспарлануда. Жиын барысында, баяндамашыға түрлі сауалдар қойылып, оған тиісті жауап берілді.

Сондай-ақ, жерді мақсатты пайдалануды қатаң қадағалап, заң шеңберінде игерілмеген жерді кері қайтару жұмыстары жүргізуді тоқтатпау керектігі хақында ұсыныс берілді. Бұған қоса, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов «Қызылқоға аудандық мәслихатының 2013 жылғы 11 желтоқсандағы №ХХ-10 «Алушылардың жекелеген санаттары үшін әлеуметтік көмек көрсету еселігін және әлеуметтік көмек мөлшерін, атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесін белгілеу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» аудандық мәслихат шешімінің жобасын назарға ұсынып, талқыланды.

Бауыржан АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521