Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Су арнасы - еңбек арнасы

Жұмысшы мамандықтар жылы ел экономикасының нақты секторында еңбек етіп жүрген мамандардың мәртебесін көтеруге, олардың қоғамдағы үлесін бағалауға бағытталған. Осындай маңызды сала — суару және суландыру жүйелері. Бұл саланың қыр-сыры мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы Атырау облысындағы «Табиғат» ШЖҚ КМК қызметі нақты мысал бола алады. 

Атырау облысы әкімінің шешімімен облыстық Табиғи ресур¬стар және ресурстарды пайдалану басқармасының жанынан құрылған «Табиғат» ШЖҚ КМК қазіргі уақытта облыс аумағындағы суару-суландыру жүйелерін қайта қалпына келтіру, жаңғырту және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде. Аталған салада жұмыс істейтін мамандардың еңбегі ерен. Бұл мекемеде 90-ға жуық қызметкер тұрақты еңбек етеді. Олардың қатарында слесарьлар, ин¬женер-гидротехниктер, электр-газ дәнекерлеушілер, кеме капитандары, машинистер сияқты түрлі жұмысшы мамандар бар. Олар күнделікті далада, су жағасында, техниканың қасында, кейде тікелей арнаның түбінде жұмыс істейді. Бұл — өз ісіне адалдық пен физикалық төзімділікті талап ететін нағыз еңбек.

- 2025 жылдан бастап «Табиғат» КМК өз күштерімен канал арналарын тазалау және ағын суларды жеткізу үшін ағымдағы жөндеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мәселен, «Бақсай» мен «Нарын» арналарының бастауындағы өзеннен су кіретін бөліктер механикалық әдіспен тазартылды. «Сборный» арнасының бойындағы 10 км жерге канал жағаларын көтеру және тереңдету жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 2022–2025 жылдары республикалық бюджет есебінен Атырау облысының үш ірі су нысаны – «Бақсай», «Есбол- Қозыбай», «Сборный» арналарына күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізіліп, тиісті қаржыландыру бөлу көзделген. Бұл жұмыстардың бәрі су ресурстарын ұтымды пайдалану мен ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қызмет етеді,- дейді «Табиғат» ШЖҚ КМК Махамбет өндірістік учаске басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуанышбек Мақашев.

Саладағы ең басты тірек — адам еңбегі. Су келіп, егіннің шығуы, шабындықтың көктеуі, төрт түлікті суару – бәрі де инженер мен слесарь, машинист пен дәнекерлеуші еңбегінің жемісі. Жұмысшы мамандықтар жылы тек мерекелік науқан емес, ел дамуына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамын бағалау, қолдау, дәріптеу жылы болуы тиіс. «Табиғат» КМК қызметкерлері — соның жарқын мысалы. Олар табиғаттың өзегі – суды елге жеткізіп, тіршілікті түлетіп отырған, нақты жұмыстың адамдарынан құралған ұжым. 

Мамандық таңдау – өмірлік маңызды шешім. Бұл тұрғыда кәсіптік-техникалық колледждердің рөлі ерекше. Мамандық иесі болу – оқу бітірген соң жұмыс табуға үлкен кепілдік. Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандарды даярлау мен қолдауға бағытталған бағдарламалар да көбейіп келеді. Қазіргі таңда кәсіптік білім алуға ниетті жастарға шәкіртақы төленіп, өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасалған. Бұл жыл тек жұмысшы мамандығын дәріптеу ғана емес, еңбек адамына деген құрметті арттыратын, жастардың нақты кәсіпке бет бұруына ықпал ететін маңызды кезең болмақ. 


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT