Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы Жолдауы елдің алдағы даму бағытын айқындап берген маңызды құжат болды. Соның ішінде маған ерекше ұнағаны – Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау міндетін жүктегені болды. Өйткені бұл мәселе біздің ауданда да өте өзекті болды.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Ойыл өзені құрғап, біраз жыл тасымай қалды. Кейіннен оның себебін білу мақсатында өзен бастау алатын Ақтөбе облысына жолға шыққанда өзен арнасын бөгеп тұрған 50-ге жуық заңсыз бөгетті анықтап, белгілі гидрогеолог Едіге Сабуровпен бірге жауапты министрліктер мен су ресурстары комитетіне дейін мәселе көтерген едік. Міне, осындай мәселелер еліміздің барлық аймағында болғандықтан Президент өз Жолдауында:
«Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Елімізде суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс» деген болатын.
Мемлекет басшысының су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау, платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақтау жайлы айтқан ойы да өте орынды. Сонда ғана еліміздегі каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Қорыта айтқанда, Жолдаудағы әрбір тапсырмаға сай бағдарламалар жасалып, оны Үкіметіміз тиянақты түрде жүзеге асыруға жұмылатынына сенім білдіре отырып, оның жергілікті жерде орындалысына аудандық мәслихат депутаты ретінде бар күш-жігерімді салатын боламын.
Есенбай НҰРОВ,
аудандық мәслихат депутаты
 
                                    
             
     
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						

 
 