Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ШЫДАМДЫЛЫҚ ТАНЫТАЙЫҚ!

Қазіргі таңда әлемді әуреге салған қауіпті дерттің қоғамымызға тигізіп отырған залалы үлкен.

Осыны ескерген еліміз алдын ала алдын алу шараларын ұйымдастырып, елде төтенше жағдай жариялап отыр. Десе де, халық қойылған тәртіпке әлі де бағынғысы жоқ. Халық арасында алып-қашпа әңгіме, жалған ақпарат толып жүр. Бұлай жалғаса берсе арты жақсылыққа апармасы анық. Осыны халқымыз кеш болмай тұрғанда түсінсе жақсы болар еді. Төтенше жағдай жарияланып, мектеп оқушылары, студенттер қашықтан оқу жүйесіне көшті, жиын, тойларға, отбасылық салтанаттар мен еске алуларға шектеу қойылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші той мен садақаның да көпшілікпен атқарылатынын білмейтін қазақ жоқ.

Алайда, әлемді жаулаған коронавирус дертімен күресуде осы салт-дәстүрімізді шектеп, адамдардың шоғырлануын болдырмауға атсалысуымыз қажет. Медициналық тұрғыдан айтқанда тұмау ауруынан жиырма есе тез тарайтын вирусты тек қана адамдардың қарым қатынасын шектеу мен кейбір ережелерді қатаң сақтаудың арқасында жеңетіндігіміз айқын. Осы себепті өзіңізді, ағайын-туыс пен ауылдастарыңызды, бала-шағаларыңызды, бауырларыңызды қорғау мақсатында той, садақа, қонақтық пен жиындарға бармауға кеңес беремін.

"Құдай сақтасын"деген сөзді айта салып, кез келген жерге бара беруді шектеуіміз қажет. Сіздің бастамаңыз жаныңыздағыларға үлгі болып, әр адамның өзі мен өзгенің өмірін сақтап қалуға жауаптылыққа әкелуі тиіс. Күнбе күн аралас-құралас болып жатқан ауылдастарымыздың өмірі біз үшін қымбат екенін түсінетін уақыт келді. Аса қат болмаса, себепсіз сапарларға да бармауға, соның ішінде өзге облыстарға бармауға төтенше жағдай аяқталғанша шыдамдылық танытуға шақырамын. Қатерлі індеттен құтылсақ әлі талай қуанышты күндерді өткізетінімізге сенімдімін.

Мереке АЙЖАРЫҚОВ,

Ойыл ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT