Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БЕЙЖАЙ ҚАРАМАУ МАҢЫЗДЫ

Бүгінде еліміз өте ауыр ахуалды бастан өткеріп жатыр.

Осы орайда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне аса үлкен сенім мен жауапкершілік артып отыр. Бұл сенім үдесінен шығып, халықтың денсаулығын сақтауды біз абыройлы міндетіміз деп санаймыз. Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесінде бірінші мәселе ретінде- коронавирустың таралуына қарсы жұмыстарды күшейтуді атап өтті.

Өйткені жаһандық індетке баланып отырған дерттің таралу аумағы кеңейіп, ушығып барады. Қазірдің өзінде бүкіл әлем бойынша бұл дертке жүз мыңдаған астам адам шалдығып отыр. Бір қуанарлығы, біздің мемлекет індетпен күрес жұмыстарын мықтап қолға алып, бірқатар нақты шектеулерді жолға қойды. Ірі-ірі екі қаламызда карантин жарияланып, кіріп-шығу шектетілді. Мұны дер кезінде қолға алынған шаралар деп есептейміз. Адам саулығы – қашан да басты байлық. Ең бастысы бүгінде елде жүргізіліп жатқан сақтық шараларына бейжай қарамаған абзал. Инфекция көбінесе науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа тамшылары арқылы таралады. Ал, тұрмыстық байланыста бір-бірімен қол алысу, залалды нысандарда, адам көп жиналған орындарда болу инфекцияның берілуіне әсер етеді.

Вирустың алдын алу үшін тыныс алу жолдарының гигиенасын сақтап, қолды 20 секунд бойы мұқият жуу керек. Егер адамда аллергиясы болмаса мұрынды сабынды сумен жуған жөн. Иммунитетті көтеріп, дұрыс тамақтану қажет. Әрбір сәт сайын бөлмені желдетіп, жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүртіп отыру керек.

Жалпы, кез келген вирус қол, мұрын, ауыз, көз қабаты арқылы да келесі адамға жұқтырып алуы ықтимал. Сондықтан, әрбір адам масканы шешкенде, жалпы қолды мұрынға, көзге, ауызға апармау керек. Әрбір адам өзін ғана емес, өзгені де қауіпті дерттен қорғау үшін ақ халаттылар айтқан алдын алу шараларына бейжай қарамауы маңызды. Қазіргі таңда қауіпті дерттің алдын алу мақсатында өзге аймақтардан келген студенттер, әсіресе Астана, Алматы қалаларынан келген қонақтардың барлығын учаскелік дәрігерлер бақылауға алды. Ең басты ескерерлігі, олар – науқастар емес. Өзге аймақтардан келген азаматтар болған соң толықтай медициналық қадағалауда болады.

Сондықтан, халық арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімеге байланысты үрей туғызуға мүлдем болмайды. Егер адамда дене қызуы көтеріліп, тамағы ауырып, жөтел пайда болса, медициналық емханаларға бармай, учаскелік дәрігерді немесе жедел жәрдемді үйге шақыру керек. Бұл оқшаулау ең алдымен науқастың өзін және өзгелерді жұқпадан сақтайды. Сондай-ақ, коронавирусқа қатысты жалған ақпараттарға сенбеу қажеттігін қаперге береміз. Осы орайда туындаған сауалдарға республикалық 1406 Call орталығынан және аудандағы 2-14-06 телефон нөмірінен ғана жауап алу керек.

Балбибі ИСЖАНОВА,

салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT