Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Үйдегі көңілді базардағы баға бұзады

Қазіргі таңда елімізде короновирус ауруымен қатар азық-түлік бағасы да өзекті мәселеге айналды.

Тұрғындардың аудан әкімдігінің «Телеграмм» парақшасына жазып отырған екі мәселесінің бірі де осы азық-түлік бағасы. Соған сай, біз аудандағы азық-түлік бағасына жауапты аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфееваға жолықтық. Ол бізге әлеуметтік маңызға ие негізгі азық-түлік өнімдерінің 26 наурыздағы бағасы жазылған кесте ұсынды.

Ол кестеде бірінші сортты ұнның бір келісі – 164 теңге болса, картоп – 128 теңге, сәбіз – 135 теңге, жуа 122 теңге, орамжапырақ – 132 теңге, бір келі құмшекер – 251 теңге, күнбағыс майының 1 литрі – 407 теңге, сиыр еті – 1600 теңге, тауық еті – 878 теңге, майлығы 2,5 пайыз сүттің бір литрі – 265 теңге, он дана жұмыртқа – 296 теңге, бір келі тұз – 59 теңге екендігі көрсетіліпті. Бөлім басшысына жолығып шыққаннан кейін аудан орталығындағы дүкендер мен көтерме сауда орындарының азық-түлік бағасын зерделеу мақсатында аралап көрген едік.

Алайда, журналист екендігімізді білген кейбір дүкен мен көтерме сауда орыны әртүрлі сылтау айтып, азық-түлік бағасын беруден бас тартты. Сөйтсек ол дүкендердегі әлеуметтік маңызға ие негізгі азық-түлік өнімдері біздің қолымыздағы кестедегі бағадан қымбат екен.

Бізге анық бағаны айтқан жеке кәсіпкерлер ішінде Тұрлан Бекешовтің көтерме сауда орыны болды. Оның сауда нүктесінде бірінші сортты ұнның бір келісі – 170 теңге болса, картоп – 170 теңге, қант – 300 теңгеден сатылып жатыр екен. Жеке кәсіпкер кеше ғана Ақтөбе қаласынан азық-түлік әкелгенін, алайда, ол жақта да баға аспандап тұрғанын, сол себептен кейбір тағамдарды сәл қымбатқа сатуға мәжбүр екендігін жеткізді.

Айымгүл ҚОСЫБАЕВА

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT