Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Серік Шәпкенов: Атырау қаласының жол жөндеу жұмыстарына жүйелілік керек

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жауапты сала басшыларымен бірге Атырау қаласының жол сапасын тексерді.

Кейін осы мәселені талқылауға арналған әкімдік отырысын өткізді. Қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаевтың айтуынша, биыл қаладағы 22,1 шақырым жол қайта жаңғыртылады.

Олар: Қожақаев, Елорда, Қабдолов көшелері, Датов-Қабдолов көшесінің аралығы мен Атырау-Астрахань тас жолының қаладағы бөлігі.

- Оған қоса, Сәтпаев, Азаттық, Махамбет көшелерінің және Молдағұлов көшесінің қалған бөлігіндегі жалпы ұзындығы 8,1 шақырымды құрайтын автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттар дайындалуда. Маусымда ведомтстволық сараптамаға жолдап, жұмыстарды бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл 15,2 шақырымды қамтитын жол құрылысын бастау жоспарда тұр. Жаңа жол Самал, Өркен, Береке, Атырау ықшамаудандарына (10 шқ), Махамбет-Датов көшелерінің аралығына (2.4шқ) және Бейбарыс даңғылы мен Атырау-Астрахань тас жолы аралығына (2,8 шқ) төселмек,-деді С.Нысанбаев. Серік Шәпкенов жауапты басшыларға жол жөндеу, салу жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар жол жөндеу жұмыстары бойынша нақты жоспар құрып, іске асыру және аяқтау уақыты туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыруды тапсырды. Бұл жұмыстарды жауапты басшылар жіті назарға алу керектігін айтты. - Біздің қала әкімдігімен бірлескен түрде жол жөндеу, салу жұмыстары туралы жоспарымыз бар. Соған сәйкес тұрғындарға алдымен қаланың шет жағындағы елді мекендердің жолын салып, кейін орталық көшелерді жөндеуге кірісеміз деп ескерттік. Қазіргі таңда қаланың негізгі көшелерінің жағдайы көңіл көншітпейді. Жасалып жатқан жұмыстың басы бар, аяғы жоқ. Жол құрылысы, қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүруі шарт. Бірақ біз ол туралы халыққа дұрыс ақпарат бере алмай отырмыз. Қай жолдың қашан салынып, қалай жөнделетінін, қай уақытта аяқталатыны туралы халыққа айтып, түсінік жұмыстарын күшейту керек,-деді С.Шәпкенов.

Жиынның қорытындысында аймақ басшысы әр жолдың жарамдылық мерзімі бар екенін қаперге бере отырып, құрылыс жұмыстарын сапасыз атқарған мердігерлермен келісімшартты үзуді тапсырды. Кейін жауапты сала басшыларына атқарылып жатқан істердің жүру барысын қатаң бақылауға алуды жүктеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT