Кеше ақпарат көздерінен жағымды жаңалықты көзім шалды. Қызылқоға ауданындағы Миялы-Тайсойған бағытындағы тас жолдың күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған екен. Ұзындығы 46 шақырымға жуықтайтын бұл жолдың 39 шақырымына ірі түйіршікті асфальт жабындысы төселді. Бұл – көптен бері халықтың көкейінде жүрген мәселе еді.
Жол – ауылдың күретамыры. Әсіресе, Тайсойған өңірі секілді алыс ауыл тұрғындары үшін сапалы жолдың маңызы зор. Осы жолдың жағдайы жұртшылықты біраз алаңдатты. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығында жол азабын көрген талай жанның арманы орындалып келеді. Бұрынғы шұрық-тесік жолдың орнына тақтайдай тегіс жол салынса, елдің де, жолаушының да көңілі жайланары анық.
Жол жөндеуге атсалысып жатқан мамандардың еңбегін атап өткен жөн. Құрылысшылар күндіз-түні еңбек етіп, сапалы жол салып шығуға күш салады деп сенеміз. Биыл үшінші тоқсанда жоба толық аяқталып, халық игілігіне беріледі деген жоспар бар.
Еңбек ардагері ретінде мен ел игілігі үшін жасалып жатқан әрбір істі қуана қабылдаймын. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға, жол қатынасын жақсартуға бағытталған игі бастама.
Злила ШОПАНОВА,
еңбек ардагері