Жеңілдікті тиімді пайдаланыңыз
2025 жылы 1 қаңтардан бастап елімізде бірнеше санат аясында салық шегерімдері күшіне енді. Бұл өзгерістер Салық кодексінің 347-бабында қарастырылған.
– Салық шегерімі туралы ақпарат құралдары жарыса жазды. Барынша құлақтандырды. Дегенмен жұрт әлі де түсінбей жатқан секілді. «Сонда ол ақшаны үкімет ай сайын қолымызға бере ме?», «Қалай аламыз?», «Қандай құжат тапсырамыз, қайда барамыз?» деген сұрақтар көп қойылып жатыр. Әуелі соған жауап берейік. Ешкім ешқандай ақшаны қолға бермейді, – дейді сарапшы Балжан Бақытқалиқызы.
Балжан Бақытқалиқызы
Салықтық шегерім дегеніміз – жеке тұлғаның табысынан есептелетін, салық мөлшерін азайтуға мүмкіндік беретін заңды жеңілдік. Басқаша айтқанда, белгілі бір шарттар орындалғанда, сіздің жалақыңыздан ұсталып қалатын салық сомасы кемиді. Яғни Үкіметтің белгілі бір санатқа жататын азаматтарға көрсетіп отырған жеңілдігі. Егер осы шегерімді алуға құқығыңыз бар болса, жұмыс орныңыз арқылы немесе салық органына барып, рәсімдей аласыз. Әуелі санатқа кіресіз бе, жоқ па, соны анықтау қажет. Айтпақшы, шегерімдер тек салықтық кезең ішінде қолданылады. Сондықтан қажетті құжаттарды өз уақытында тапсыру маңызды.
– Салық шегерімі қалай есептеледі? Бір нұсқада талдап көрелік. Сіз бір жерде жұмыс істейсіз. Ай сайын жалақы аласыз. Сол ақшадан айына міндетті түрде 10% зейнетақы аударымына, 2% медициналық сақтандыруға, тағы 10% жеке табыс салығы ұсталады. Бұл қалыпты жағдайда. Енді салықтық шегерім осы жерде өз қызметін атқарады. Мысалы, сіз 200 мың теңге айлық аласыз делік. Содан жоғарыда айтқан пайызға сүйенсек, 20 мың теңге зейнетақыға, 4 мың теңге медициналық сақтандыруға кетеді. 176 мың теңге қалды. Осы жерден санатыңызға байланысты салықтық шегерім жасалады. Мәселен, салықтық шегерімді 23 АЕК деп алайық. Ол – көпбалалы отбасы санаты. Бір АЕК 3932 екенін ескерсек, 90436 теңге салықтық шегерім жасалады. 176 000-нан 90436-ны азайтсақ, 85564 қалады. Енді 10% жеке табыс салығы сіздің 176 мың теңгеңізден емес, 85 мың теңгеден алынады. Ол – 8556 теңге. Демек нақты қолыңызға алатын айлығыңыз арта түседі (200 000-20 000-4 000-8556=167 444). Ал салықтық шегерім жасалмаған кезде 158 мың аласыз. Шегерім жасалса, 168 мыңға жуық, – дейді салық маманы.
Салық жеңілдігі туралы ақпарат шыққалы, біршама жұмыс берушіге қызметкерлерге айтып, түсіндіру міндеті жүктелген. Бірақ көптеген ұйымға жетпей жатыр. Әсіресе білім саласына, жұмысшы мамандықтарына. Сол себепті, қазір жазатын түсіндірмеге мұқият болғаныңыз абзал. Өтініштердің барлығы жұмыс берушіге жазылу керек. Мамандар есептеп, қаңтар айының жалақысын есептер кезде ескереді.
Көпбалалы отбасыларға көмектеседі
Салық шегерімі төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға қолданылады. Егер күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында отбасында төрт бала болса, салық жеңілдігі сол жылға беріледі, тіпті баланың бірі 2 қаңтарда 18 жасқа толса да. Бұл үшін ата-ана балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесін ұсынуға тиіс. Шегерімнің ең жоғары сомасы – жылына 282 АЕК (2025 жылы 1 109 000 теңге).
Отбасында ер мен әйелдің біреуі ғана жұмыс істесе, ажырасқан болса, жолдасы қайтыс болған жағдайда, ай сайын 23 АЕК мөлшерінде шегерім жасалады. Ал ата-ананың әрқайсысы бөлек-бөлек жұмыс істесе, 12 АЕК көлемінде шегерім қолдана алады. Ата-ана шегерімді қалай бөлу керек екенін жанұя ішінде өздері таңдайды. Көпбалалы отбасылар салық шегерімін алу үшін жұмыс берушіге өтініш жазып, балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесін тапсыру қажет. Егер бұл құжаттар ұсынылса, жұмыс беруші салықты дұрыс есептеп, шегерім автоматты түрде қолданылады. Сонымен қатар шегерімді 270.00 нысанындағы декларация арқылы дербес пайдалануға болады.
– Осы жылдың 1 қаңтарында төрт баласы бар болса, төртеуі де 18-ге толмаған болса, шегерімді қолдануға болады. Маған көп ата-ана «6 балам бар, бірақ үлкендері кәмелет жасына толып кетті» деп жазып жатыр. Заңда көрсетілген нұсқаға сүйенсек, егер көпбалалы отбасына жатсаңыз, үлкендері 18-ге толса да, қалған төрт балаңыз кәмелет жасына жетпесе, қолдана аласыздар. Тағы бір жиі кездескен сұрақ – «Қаңтарда төртінші балам дүниеге келді, біз санатқа кіреміз бе?». Жоқ, кірмейсіздер. Себебі 1 қаңтар 2025 жылғы мәлімет бойынша төрт балаңыз болуы керек әрі олар 18-ге толмаған болуы керек. Келесі жылғы шегерімді пайдалана аласыздар, – дейді сарапшы.
Ипотекасы бар азаматтар назар аударсын
Бұған дейін тек «Отбасы банкінің» клиенттері ипотекалық несие бойынша сыйақыларын салықтық шегерімге қолдана алса, енді бұл мүмкіндік еліміздегі екінші деңгейлі барлық банктің ипотека алушыларына қатысты болады.
– 2025 жылы 1 қаңтардан бастап ел аумағында кез келген банктен немесе банк операцияларын жүргізуге лицензиясы бар қаржылық ұйымнан ипотека рәсімдеген азаматтар салықтық шегерім арқылы мемлекетке төлейтін салық сомасын азайта алады. Бұл шегерім Қазақстан азаматтарына ғана қолданылады. Елде уақытша тұратын шетелдіктер (резидент еместер) бұл жеңілдікті пайдалана алмайды. Салық кодексінің жаңартылған 351-бабына сәйкес, ипотекалық тұрғын үй несиесінің сыйақысы үшін шегерім күнтізбелік жыл ішінде 118 АЕК-тен аспайтын мөлшерде есептеледі. 2025 жылы 1 АЕК 3 932 теңгеге тең, яғни шегерімнің ең жоғары сомасы 463 976 теңге болады, – дейді сарапшы.
Салықтық шегерімді қалай рәсімдейді? Ипотекалық салықтық шегерімді бұрынғы жылдары жұмыс беруші жалақыдан жеке табыс салығын есептеген кезде ескерген болса, енді ол салықтық шегерім жеке тұлғаның 270.00 салық декларациясында қолданылатын болады. Сол үшін 2025 жыл 270.00 декларациясында осы шегерімді көрсететін арнайы ұяшықтар енгізілер келешекте.
Егер сіз ай сайын ипотекаға 350 мың теңге төлесеңіз, оның 150 мың теңгесі – сыйақы (пайыз), 200 мың теңгесі – негізгі қарыз. Салықтық шегерім тек 150 мың теңге сыйақы сомасына есептеледі. Егер жылдық сыйақы сомасы 463 976 теңгеден аспаса, шегерім толығымен қолданылады. Артық болса, шегерім тек осы шектеумен шектеледі. Бұл жерде де көпбалалы және ерекше жағдайдағы отбасыларға жеңілдік бар. Салық кодексінің 346-бабына сәйкес, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі жылына 882 АЕК-ке (3 468 024 теңге) дейін стандартты салықтық шегерімді қолдана алады. Бұл шегерімге ипотекалық несие сыйақысы бойынша шегерім қосылады. Егер шегерім сомасы табыстан асып кетсе, артық соманы келесі айларға ауыстыруға болады.