Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Отандық анимация: балаларды қалай қызықтырамыз?

Қазақ мультипликациясының атасы Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысының түсірілгеніне биыл тура 58 жыл толады екен. Бірақ неге екен, әлі күнге дейін ұлттық балалар анимациясы десе, айналып келіп осы фильмге орала береміз. Сонда алғашқы қазақ мультфильмі таспаланғаннан бергі арадағы алпыс жылда ел аузынан түспейтін, талай буынды тәрбиелеген айтулы туындыға татитын қазақ балалар анимациясы түсірілмеген бе?
Әрине, бұл сауалымызға қарсы дау айтатындар да табылар. Мәселен, 2018 жылы жарыққа шыққан Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ» туындысын тура жарты ғасырдан кейін «Қарлығаштың құй­рығы неге айыр?» мультфильмінің орнын лайықты деңгейде басқан еңбектің қа­та­ры­­­на жатқызады мамандар. Оның бір се­­бе­бі – әлемнің 48 елінде көрсетіліп, 1968 жылы қазіргі Санкт-Петербургте өткен ІІІ Бүкіл­одақ­тық кинофестивальде жүлдегер атанып, 1975 жылы Халықаралық Нью-Йорк фестивалінде «Кола Праксиноскоп» жүл­десін жеңіп алған Әмен Қайдаров жұмы­сы­ның даңқын араға 50 жыл салып дәл осы «Мұзбалақ» қайталағаны баса айтылады. 

Аталған туынды Түркияның Best Istanbul Film Festival фестивалінде үздік толық­­­­­метр­лі анимациялық фильм атанды. Адам мен бүркіттің арасындағы достық, сенімділік, адалдық, ерлік сынды ізгі қасиеттер сөз болатын шығарма, рас, жарыққа шыққан сәттен-ақ жаңалыққа айналып үлгерді.

Сол секілді «Күлтегін», «Ер Төстік пен айдаһар», «Қазақ елі», «Аңшы», «Мақ­таншақ қыз», «Тігінші мен ай», «Қадыр­дың бақыты» және тағы да басқа мультфильмдердің де көрермен көңілі­нен шыққаны қуантады. Мәселен, «Сақ» жекеменшік киностудиясы түсірген бір ғана «Қошқар мен текенің» «You­tube» арнасындағы көрілімі 20 миллионға жетсе, «Ара» студиясының былтыр түсірген «Шырақ» мультфильмі 2,3 млн қаралым жинаған. Осындай қадау-қадау жұмыстар көңіліңді көтеріп, мерейіңді өсіріп-ақ тастағанымен, әлемдік анимация өндірісімен салыстырғанда қазақ мультипликациясының түрлі себептерге байланысты әлі де кенже қалғанын бай­қау қиын емес.

Нақты тәжірибеге сүйеніп, балалар көзқарасы мен қызығушылығын да байқап-бақы­ласаңыз, қазақ ани­ма­циясындағы бір­қатар түйткілдермен бет­пе-бет келе­ріңіз анық. Олай дей­тініміз, біздегі шығармалардың көп­шілігі жалпылама аудиторияға арналып түсіріледі, бала­лардың жас ерек­шелігі, қызығушылық дең­гейі көп ес­керіле бермейді. Әсіресе танымы енді қа­лыптасып келе жатқан бал­дыр­ғандардың қызығушылығы, өкі­нішке қарай, сырт қалып жатады. Соның салдарынан болар, тілі былдырлап енді шыққан балалардың аузынан Ресейдің «Көк тракторындағы» әйгілі «По полям» әнін жиі естіп қаламыз. Сәбилер­дің сұранысы да көп жағдайда осы туындымен байланысты. Дүкен сөресінен «сөйлейтін» көк трактор ойын­шығын көрсе, алғызбай кетпейтіні – ол бөлек әңгіме.

Біз де ата-ана болғандықтан әрі қазақ тілін отбасында басты құндылық еткен адам ретінде бастапқыда шексіз максимализммен тек қана қазақтілді кон­тентті балаларға ұсынуға ұмтылып көрдік. Бала­­мыздың визуалды көрініске деген сұ­ра­нысын қанағаттандыру үшін екі-үш жасынан бастап санаулы минутқа болсын теледидардан балдырғандарға арнал­­ған түрлі мультфильмдер мен танымдық туындыларды көрсете бастадық. Сон­да байқағанымыз, біздің бағыттауымыз­ға қарамастан баланың бәрібір өз таңдауын жасайтындығына көз жеткіздік. Ол не дейсіз ғой, ол – көп аузында жүрген сол баяғы Ресейдің «Синий трактор», «Бурен­ка Даша», «Маша мен аю» немесе әлем бойынша бірнеше миллиард қаралым жинап, сілкініс жасаған «Акула» әні сын­ды туындылар болды. Неге? Себебі он­да­ғы жарқын бояу, бала қызығушылы­­ғы­­на сай кәсіби әрі жеңіл өңделген әуен, тіл­ге оралымды, қимылға қисынды кө­ңіл­ді көрініс, қабылдауға оңай әрі санаға сенім ұялататын сюжеттер, танымға сай ұсынылатын тұшымды ақпараттар бала түгіл, ересек көрерменнің өзін бау­рап алады. Ал енді сіз ғаламтордағы дәл осы жастағы аудиторияға ұсынылған қа­зақ­тілді контентті бір шолып өтіңізші. «Сандар», «Пішіндер», «Аю әні» сияқты дүниелерді тыңдағаннан-ақ басқа арнаға ауыстыруға асығасыз. Тіліндегі жүйесіздік пен айқайлап тұрған акцент, дарынсыз динамика, сиықсыз сурет пен көріксіз картина, ұғымға қайшы көріністер, әсер­сіз әуен, тізбелеп кете берсең таусылмайтын көп кемшілік баланы қызық­тырмай, керісінше, жалықтырады. Ал бұл жастағы балаларға мақтаулы «Мұз­балақ» немесе аңызға айналған «Аң­шыны» ұсына алмайтыныңыз анық.

Аталған пікірімізге төрелік сұрап маман­дармен де ой бөлісіп көрген едік. «Bek production» компаниясының мультипли­каторы Жақсыбек Кәміл­ұлы­ның пікі­рінше, мультфильмнің бала психологиясына әсері өте зор. Әсіресе мазмұны мен стиліне баса назар аудару аса маңызды.

«Мультфильм көру арқылы бала түр­лі эмоцияларды сезінеді, қабылдайды. Мәселен, қуануды, қорқуды, қайғыруды үйренеді. Екінші жағынан, анимация – тәлім-тәрбие құралы. Ата-анаға көмек­тесу, достық, адалдық, жанашырлық сия­қты қасиеттерге баулиды. Үшіншіден – тіл. Бала қай тілде мультфильмді жиі көрсе, сол тілді тез меңгереді. Қазақтілді анимацияның қазіргі жағдайына кө­ңіл толмайды. Бізге қолдау мен қаржы жетіс­пейді. Сонымен қатар сапалы өнім шығаратын маман аз. Қазақтілді анимациялар балаларды қызықтыра алмай отыр. Неге? Өйткені сапасы төмен. Ал сапаны көтеруге қаржылық жағы үлкен қолбайлау. Мазмұны мен стилі қызық болмаса балалар өзге тілде контент көре бастайды. Себебі шетел анимациялары сапалы. Біздің салаға үлкен қолдау керек», дейді маман.

Ал шетелдік мамандардың тәжі­ри­­бесіне сүйенсек, балалар контенті мә­се­лесіне тереңнен һәм жан-жақты келетінін байқауға болады. Мамандар ани­мацияның танымдық, тәрбие­лік рөлінің зор екенін баса айтады. Бал­дырғанды мультфильм көруге тарту үшін мұнда үлкен жұмыстар атқары­ла­ды. Арнайы психологтер кеңесі құры­лып, жаңадан шы­ғатын мультихикаяға баға беріп, тигізер әсерін сараптайды. Себебі олар кино мен мультфильмнің нағыз идеология құралы екенін жете түсінеді. Психолог мамандардың айтуынша, экрандағы түрлі кейіпкердің іс-әрекетін бақылайтын баланың ойлау, есте сақтау қабілеті де жақсы дамып, жетіледі. Бізде, керісінше, анимацияны көп ата-ана баланың көңілін аулап, уақытын өткізу үшін қосып береді. Ал оның әрі қарайғы бала санасына әсеріне бас қатырып жатқаны сирек. Шын мәнінде, анимация – тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар балаларға қорша­ған әлемді білуге, түсінуге көмектесетін қуатты тәрибе құралы әрі бала тілін дамытатын негізгі мектептің бірі. Себебі қазір ақпараттық ғасыр, сәби танымына визуалды көріністердің әсері зор. Он­дағы кейіпкерлердің сөйлеген сөзін тыңдай отырып өсіп келе жатқан жас буын сөздік қорын байытады. Эмоция­ны сөзбен жеткізуге бейімделеді. Десе де, ­бұл жағынан келгенде қазақ анимация­сын­дағы тіл мәселесі де түйткілді түйінін толық шешті деп айта алмаймыз. Әсі­ре­се аударма шығармаларды көріп, сана­сы­на мықтап құйып алған балалар тіл қол­да­нысындағы «баруым керекпін», «бо­лып табылады», «кешірім сұраймын» сияқ­ты «калька» тіркестер «дерті» – өз алды­на үлкен мәселе.

«Педагог маман ретінде менің бір байқағаным – көп отбасы таза қазақ тілінде сөйлесе де, балаларының тілі орыс­ша немесе ағылшынша шыққан. Оның бірден-бір себебі – ғаламтор. Қазіргі балалар «Youtube» арнасынан шетелдік туындыларды көп көреді. Мазмұны жеңіл, қысқа әрі кейіпкерлері түрленіп отыратын жарқын мульт­фильмдер баланы тез баурап алады. Баланың қиялы ерекше ғой. Бізге де осындай контент­ті әлеуметтік желілерге көбірек салу керек. Үйде де ата-аналар қазақтілді туынды­ларды жиі наси­хат­тауы керек. Сонда бала­ның қызығу­шы­лығын оята аламыз», дейді тәрбиеші ма­ман Раушан Амантайқызы.

Қазақ анимациясындағы тағы бір үлкен мәселе – балаларға ұнайтын, олар елік­тейтін заманауи жаңа кейіпкерлер, яғни қаһармандар тудыру қажеттілігі де кезек күттірмейтін мәселе. Бұл турасында кәсіби аниматор мамандарды да әңгімеге тартып көрдік.

«Кейіпкердің мінезі, тарихы, миссия­сы, артықшылығы мен кемшілігі болуы керек. Қатты айтты дерсіз, бірақ, бізде түсіріліп жүрген фильмдер жансыз құр сурет, оларды кейіпкер ретінде қабыл­дай алмайсың. «Disney» алғашында хан­зада мен ханшайым махаббаты, олардың ­бір­ге болу жолындағы сан алуан қиын­дық­тары туралы, жалпы қиял-ғажайыпқа толы ертегілерді түсіргендігін білеміз әрі фильм түсіру барысында олар сюжеттің тарихтан немесе әдебиеттен алынға­ны­на қарамастан оқиғаларды балалар пси­хо­логиясына бейімдеп өзгертіп отырған. ­Сол сияқты неге «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ­дастанын немесе «Қыз Жібекті» алып, керемет махаббат туралы фильм түсірмеске? Бізде тарихты өзгертпеу керек деген қатаң қағида бар. Ал неге осы баршаға мәлім кейіпкерлерді қосып, балаларға нағыз махаббатың қандай болуы керек екенін көрсететіндей фильм түсірмеске?», дейді аниматор-режиссер Мейіржан Сандыбай. Әріптес сөзіне аниматор-режиссер, көптеген жобаның авторы, Қазақ Ұлттық өнер универси­теті­­нің оқытушысы Жәнібек Нұрбек те қосыл­ды: «Біз бала кезімізде естіген ұшпа кілем, барлық әлемді көрсететін шар сияқ­ты ертегілер қазіргі заманның балалары үшін қызықты болады деген­ге сенбей­мін. Қазіргі балалардың көпші­лігі ғарыш­қа, атыс-шабысқа құрылған фильмдер­дің қаhармандарына еліктейді. Сондық­­тан өзіміздің мифологиямызды, эпос­тық жырларымызды, ондағы батырлары­мызды заман талабына сай жаңғырту керек», дейді маман.

Расымен де, қазақ тілінде бала танымын баурап, қызығушылығын қиянға самғататын тақырыптар көп. Тек соны өнер тілінде өрнекті етіп өре алатын, тартымды қылып тарқата алатын, балалар психологиясын тереңнен білетін сауатты сценаристер мен алғыр аниматорлар­­­дың қатары көбейсе, әлбетте, бұл түйткіл­­­дің де шешілер күні алыс емес екендігі­­не әманда сенгіміз келді. Әсіресе кейін­гі онжылдықта «Балапан» телеарнасы­ның тапсырысымен түсіріліп, кішкен­­тай көрермендерге ұсынылып жатқан көп дүниелер мазұнымен де, сапасымен де көңілге маздаған үміт отын жаққаны белгілі. Талай жас маманның өзге саланы жағаламай, кәсіби тұрғыда өзін сынауына да жақсы мүмкіндіктер сыйлап келеді. Осының өзі қазақ анимациясы­ның келешегіне күмәнмен емес, сенім­­мен қарауға жетелейді. Тек мұн­дай теле­арналар елімізде көптеп ашылса, бала­лар контентіне мемлекет тарапы­нан жү­йелі көңіл бөлініп, қолдау көрсетіл­се, қа­зақ анимациясының болашағы бұ­дан да ба­йыптана түсері, бәсеке көбей­се, бәсе­кемен бірге сапа да артатыны анық.

Қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаров: «Бiз ұлт болып, егемендi ел болып, мәдениетiмiз бен салт-дәстүрiмiздi дамытамыз десек, ең алдымен, тәрбиенi титтей бүлдiршiндерiмiзден бастауымыз қажет» деген екен. Маңыздылығын күні бүгінге дейін жоғалтпаған өзекті ой. Себебі дүниені жанары қалай көрсе, жан дүниесі солай қабылдайтын балдырғандардың тап-таза әлемі лайланбай, керісінше қиял қанатында қалық­та­та алатын туындылардың көбейуі – ұлты­мыздың келешегінің кемел екендігін де көрсетеді. Экран арқылы тәрбиеле­ніп жат­қан жеткіншектердің эстетикалық тал­ға­мының жоғары, рухының мықты болуы да осы анимациямен тікелей байланысты. Шүкір, қазір елімізде ұлттық анимацияның келешегі үшін есепсіз тер төгіп жүрген кәсіби аниматорлар көп. Соған қарамастан анимациялық өнім әлі де сұранысты қанағаттандыра алмай келеді. Әрине, мультипликациялық үде­ріс көп уақыт пен қыруар қаржыны талап ететіні анық. Дегенмен бала тәрбиесін дұрыс жолға қоямыз, ұлттық идеология­ны балдырған санасына құямыз десек, ұлт­тық анимацияны дамытуды сөзсіз қолға алу керек. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT