Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сағыздықтар ГауҺарға баспана кілтін табыстады

Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым- қатынастарын білдіреді. Осы орайда жақсылық жасап жарысып жүрген жастарымызды айтып өтсем, артық болмас.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері ерікті жастар ауылымыздың тұрмысы төмен отбасылар, осал топ өкілдеріне және мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пен қаржылай көмек көрсетіп келеді. Атап айтсақ, «Сағыз» иман жастары еріктілер тобы 15 отбасын азық-түлікпен, «Сағыз ерікті жастары» 14 отбасыға, 1999 жылы туған жастар 15 отбасыға, 1996 жылы туған жастар 6 отбасыға бір айлық азық-түлікпен көмектесті. Темір жол саласында қызмет ететін жастардан құралған «Жеңіс» еріктілер тобы 10 тыл ардагерлерін және аз қамтылған бір отбасын бір айға жетерлік азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен бірге, төтенше жағдай кезінде қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп жүрген өңірлік блок посттағы полиция қызметкерлері мен ақ халатты абзал жандарға «Сағыз» ерікті жастары рамазан айында тегін құрма мен су таратып, ауылдағы жалғыз басты қарттарға азық-түліктер мен қол көмегін көрсетті.

«Жүрекке жол» еріктілерінің мүшесі Нұрия Сақымның бастамасымен Сағыз ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жан Гауһар Жолаеваға тұрғын үй алып беру мақсатында қаржылай көмек ұйымдастырылып, ол жеке кәсіпкер Тасболат Бекбауов, ақын Нұржамал Өтеғұлова, 1997, 2000 жылы туған Сағыз ауылының жастары мен ауыл тұрғындары тарапынан қолдау тауып, жұдырықтай жұмылудың арқасында Гауһарға баспана алып берді. Сондай-ақ, 1995 жылы туған ауыл жастары өз қаржыларына аз қамтылған бір отбасыға баспана салу үстінде.

Сайып келгенде, ел ерге қараған шақта, қайырымдылық деген асыл қасиетті бойларына жиып, ерікті түрде жұдырықтай жұмылған ауыл тұрғындары мен жастарға айтар алғысымыз шексіз. Осындай бірліктің арқасында ауыл, аудан абыройы асқақтай беретіні сөзсіз.

А.ЖЕТІБАЕВА,

Сағыз ауылдық округі бойынша жастар жетекшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT