Астана қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде ерекше оқиға орын алды. Бұл күні жас сарбаздар Отан алдында ант қабылдаса, олардың қатарында Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінің командирі, полковник Ерлан Ипатовтың ұлы қатардағы жауынгер Данияр Берікқалиев те болды.
Әскери ант – әр сарбаздың өміріндегі маңызды әрі жауапты сәттердің бірі. Бұл рәсім Отанға адалдықтың, елге қызмет етудің және ерлік жолын таңдаудың белгісі. Осы тұста өз ұлының әскери ант қабылдағанына куә болған полковник Ерлан Ипатов, ұлының осы жолды таңдағанына қуанышты екенін атап өтті. Салтанатты рәсім барысында Ерлан Ипатов ұлына жылы лебізін білдіріп, маңызды тілектерін айтты:
“Балам, бүгін сен ант қабылдап, ел қорғаушылар қатарына қосылдың. Бұл – үлкен жауапкершілік пен абырой. Әскери қызмет тек тәртіптілік пен батылдықты ғана емес, адалдық пен тұрақтылықты да талап етеді. Әрдайым берген антыңа адал бол, елің мен Отаның үшін аянбай қызмет ет. Біздің әулетімізде әскери борыш әрқашан жоғары құрметке ие болған, сен де осы жолды абыроймен жалғастырасың деп сенемін.”
Әке сөзінен кейін жас сарбаздың да жауынгерлік рухы арта түскені анық. Бұл оқиға ұрпақтар сабақтастығының, әскери дәстүрдің жалғасын тапқанын тағы бір дәлелдеді. Қатардағы жауынгер Данияр Берікқалиев үшін әкесінің осындай мәртебелі тұлға екені, әрі өзінің де осы жолға түскені – үлкен мақтаныш. Ол өз борышын адал атқарып, әскери қызметте биік белестерге жетуді мақсат етеді. Ұлттық ұланның сапында Отан қорғау жолын таңдаған жас сарбаздардың әрқайсысы үлкен жауапкершілік арқалағанын түсінеді. Олар ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтап қалу үшін күнделікті тынымсыз еңбектенуге әзір. Бұл оқиға әскери қызметтің отбасылық дәстүр ретінде сақталуының маңызын көрсетіп, жас сарбаздардың бойына рухани күш пен сенім ұялатады. Ерлан Ипатов секілді офицерлердің үлгісі болашақ ұрпақ үшін жоғары мәртебе екені сөзсіз.
*ҚР Ұлттық ұланы “Батыс”* *өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.*