Қазіргі таңда от шашулар мен пиротехникалық бұйымдар жаңа жыл мерекесінің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Оған әр жаңа жыл қарсаңында барлық дүкендер мен сауда орталықтарында әртүрлі пиротехникалық құралдардың, соның ішінде жәй бенгал шырағынан бастап үлкен от шашуларға дейін жаппай сатылатыны дәлел. Алайда, көпшілік отшашулардың салдарынан адамдардың дене жарақатын алып, тұрғын үйлерде өрт оқиғаларының орын алып жататынын ескере бермейді. Соған сай, жаңа жыл қарсаңында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп рейдтік іс-шара ұйымдастырды.
Рейд барысында мамандар аудан орталығындағы «Керуен», «Бекежан», «Мейір», «Айдана», «Бәйтерек» және тағы басқа да сауда орталықтарын аралап, пиротехникаларды пайдаланудың қауіпсіздігі жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімі қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды құжатсыз сатқан жағдайда Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің «Тауарлар мен өзге заттармен заңсыз сауда жасау» бабы бойынша жауапқа тартылып, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, заңсыз қолданған жағдайда аталмыш кодекстің 436 бабына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатындығын ескертті.
Ақнұржан АҚЖІГІТОВ,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы