Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Министрліктен келген хат

Редакциядан: Барша аудан тұрғындарына мәлім, Ойыл өзенінің құрғап баруы туралы мәселе көтерілудей-ақ, көтерілді. Аудандық «Қызылқоға» газетінде бірнеше дабыл қағарлық материалдар жарияланғаннан кейін облыстық, республикалық басылымдарда бұл мәселе көтерілді. Тіпті, Қызылқоға ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен екі рет, еріктілер тобымен бір экспедиция өткізіліп, сонда анықталған заңсыздықтар бойынша аудан басшысының қолымен облыс басшыларына, кейіннен табиғат жанашырларының қолымен Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.М.Мырзағалиевке хат жазылды. Жақында, аталмыш министрліктен вице-министр С.Громовтың қолымен табиғат жанашырларының хатына жауап келді. Хаттың толық мәтінін оқырман назарына ұсынып отырмыз:

Ойыл өзені – Ақтөбе облысындағы Темір ауданы, Еңбек ауылы тұсындағы бұлақтан бастау алып Атырау облысындағы Ақтөбе көлі тұсында тартылып қалады. Жалпы ұзындығы 800 километр, оның ішінде Ақтөбе облысында 522 километр, Атырау облысы бойынша 278 километр. Ойыл өзені ағынсыз өзендер қатарына жатады және жаз айларында су көлемі азаяды немесе тартылып қалады. Өзендегі су көлемі көктемгі еріген суға тәуелді, яғни күзгі топырақтың ылғалдылығына, қысқы қардың түсіміне, көктемгі жауын-шашынға тікелей байланысты. Гидрографиялық орналасуына байланысты көктемгі жиналған судың 70-80 пайызы ағып өтіп кетеді. 2020 жылы жауын-шашын мөлшері аз болуына байланысты көктемгі су тасқыны болған жоқ. Өзен арнасында, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында орналасқан ауданы 18817 гектар Республикалық меншіктегі «Тамдыкөл лимандық суару жүйесі» және Атырау облысының Қызылқоға ауданында орналасқан ауданы 22478 гектар болатын «Миялы лимандық суару жүйесі» орналасқан. Бұдан басқа, су бөгейтін гидротехникалық құрылыстар жоқ.

"Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ (бұдан әрі–Инспекция) мәліметтерге сәйкес, «Тамдыкөл» және «Миялы» лимандық суару жүйелеріне 2019-2020 жылдары арнайы су пайдалану рұқсаттары болса да судың тапшы болуынан су алу мүмкіндігі болған жоқ. Ойыл өзенінің көпжылдық су ағынының жылдық орта көрсеткіші 127,0 млн м3. «Казгидромет» орталығы Ақтөбе филиалының деректері бойынша өзеннің Ойыл селосы тұсындағы соңғы бес жылдық су ағыны төмендегідей: 2016 жылғы су ағыны 360,0 мың м3, бұл қалыпты норманың 2,8 пайызы, 2017 жылғы су ағыны 190,0 мың м3, бұл қалыпты норманың 1,5 пайызы, 2018 жылғы су ағыны 118,0 мың м3, бұл қалыпты норманың 0,9 пайызы, 2019 жылғы су ағыны 18,3 мың м3, бұл қалыпты норманың 0,01 пайызы, 2020 жылғы су тасқыны болған жоқ, осындай жағдайлар қайталана берсе, алдағы жылдары өзендердің кеуіп кету қаупі бар. Ойыл өзенінің су жинау аумағы жалпы 31500 км2 (оның ішінде 2900 км2 ағынсыз бөлегі), Ақтөбе облысы аумағында 25700 км2. Негізгі салалары Шийили (ұзындығы 27 км), Кенжалы (ұзындығы 64 км), Шығырқұмды (ұзындығы 71 км), Қайынды (ұзындығы 52 км), Қиыл (ұзындығы 193 км) өзендері. Ұзындығы 10 километрден асатын тағы да 15 кіші өзендер бар. Көктемгі су тасқыны кезінде барлық өзендерде су тасығанымен, жаз кезінде кеуіп қалады. Бұлақ көздері туралы деректер жоқ. Қазіргі кезде Ойыл өзенінің жағдайы да көңіл көншітпейтін емес. Себебі су ағыны реттелмеген. Сондай-ақ, Ойыл өзені туралы әлеуметтік желідегі жариялынымдарға қатысты төмендегілерді білдіреміз: Мұғалжар ауданының Талдысай ауылдық округі аумағында орналасқан «Мұқа» бөгеті бойынша, бөгеттің заңдылығын анықтау мақсатында аудан әкімдігіне және облыстық табиғи ресурстар басқармасына (28.10.2020 ж.) хат жолданды.

Мұғалжар ауданы әкімдігі тарапынан Ойыл өзені бойындағы бөгеттерді барып қарау үшін комиссия құрамын қалыптастыру үшін Инспекциядан кандидатура сұралды (05.11.2020 ж.). Облыстық табиғи ресурстар басқармасының мәліметіне сәйкес, аталған бөгет су шаруашылығы нысаны ретінде тіркелмегендігі туралы жауап алынды, яғни бүгінгі күні иесіз. Тарихи мәліметтерге сәйкес, сондай-ақ Талдысай ауылдық округі әкімінің және жергілікті тұрғындардың айтуынша «Мұқа» бөгеті Кеңес одағы дәуірінде (1957 ж.) салынып егістік жерлерді суландыруға, мал суаруға пайдаланып келген. Қазіргі таңда, жергілікті тұрғындар бау-бақша егу мақсатында пайдаланады. Су сыйымдылығы шамамен 500 мың текше метрдей. Ойыл өзенінен шамамен 3 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Ойыл өзенімен бөгеттің арасынан «Талдысай-Еңбек» тас жолы өтеді. Мұғалжар ауданы Еңбек ауылы маңындағы «Тәй-тәй Қаракесек» шаруа қожалығының пайдаланып отырған Ойыл өзеніне салынған бөгет-көпір бойынша, аталған аумақтағы шаруа қожалығының жерлері Ойыл өзенінің екі жағында орналасқандықтан көпірді малдың жайылымға өтуі үшін пайдаланып келген. Аудан әкімдігіне (28.10.2020 ж.) бөгет-көпірді су ағысына кедергі болмау үшін қайта жөндеп заңдастыру немесе бұзып тастау ұсынылды. Қазіргі таңда бөгеттің бір шеті бұзылып су ағысына кедергі алып тасталып, бөгеттің одан әрі қажеттілігін анықтау ұсынылды . Тарихи мәліметтерге сәйкес, аталған бөгет-көпір Кеңес одағы дәуірінде салынған. Судың ағысына трубалар қойылған. Уақтылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен көктемгі су ағысына кедергі тудырады. Байғанин ауданы аумағынан өтетін Ойыл өзенінің салалары болып саналатын Кенжалы, Қиыл өзендеріндегі бөгеттерге қатысты тиісті мекемелерге сұраныс жолданып, аталған бөгеттер Республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» автожолының құрылысы барысында көпір салу үшін мердігер мекемелер тарапынан салынғандығы және құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталатындығы туралы жауап алынды.

Қазіргі таңда мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын жобаға сәйкес жасау және су ағысына кедергілерді алып тастау ұсынылды. Жоғарыда көрсетілгендерді ескере отырып, Министрлік аталған конференцияға қатысуға қарсы емес екендігін хабарлайды.

С.ГРОМОВ,

Вице-министр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT