Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Отандық стартапқа сұраныс жоғары

Қазір отандық ІТ мамандар әзірлеген жобалар әлемдік нарыққа шығып жатыр. Солардың бірі – оқушыларға цифрлық сауаттылықты үйрететін «CodiPlay» платформасы.

Бұл – оқушыларға компьютер тілі мен роботтехниканы ойын түрінде үйрететін платформа. Ол мектептегі сабақ үдерісіне кедергі келтірмей, мұғалім мен оқушының бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жақында ғана «CodiPlay» edtech-стартабы «Series A» қаржыландыру раунды шеңберінде 9 млн доллар инвестиция тартты. Отандық өнім осылайша, БАӘ, Сауд Арабиясы мен Қатар нарығына шыға алады. Компания осы өңірлерде екі жыл көлемінде 3000 мектепті қосуды жоспарлап отыр.

«Инвесторлар тарапынан көр­се­тілген қолдауға дән ризамыз. Осындай қолдау ар­қылы біз қар­қынды дамып, MENA өңірін­де шешімдерімізді сәтті енгізуге мүм­кіндік алдық. Мектептегі заманауи оқыту қол­жетімді әрі тиімді бола түспек. Біз балалардың IT салаға ын­тасын анық көріп отырмыз. Олар біздің әдістемеміздің арқасын­да бағдаршамды жобалай алады, шлагбаум жүйесі қалай құрылғанын біледі, сонымен қатар ақылды үйдің жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсі­неді. Осындай шешімдер арқылы оқу­шылардың диджитал дағдылары артып жатыр», деді жобаның негізін қалаушы Жанәділ Талдыбаев.

Астана, Алматы қалаларының мек­теп­те­рімен қоса, Түркістан облысы Келес ауданы, Ақтөбе облысы Хромтау ауданы және Қаскелеңдегі мектептер де заманауи­ әдіс­темемен цифрлық сауатын арттырып жатыр. Балалар «CodiPlay» көмегімен IoT-гад­жеттер негізінде құрылғыларды өз бетінше құрас­тыра алады.

Айта кетейік, «CodiPlay» – 2021 жылы құрылған стартап. Содан бері аталған жоба Оңтүстік Корея, Ұлы­британия, Индонезия секілді ұзын-ырғасы 13 мемлекеттегі 600-ден аса мектепті қамтыды. Компа­ния Бірік­кен Ұлттар Ұйымының цифр­лық қо­ғамдық игілік ретінде бағасын алып, Фин­лян­дияның Бі­лім беру альянсының фин сапа сер­тификатымен белгіленді. Қазіргі кезде «CodiPlay» жобасының құны 100 млн дол­ларға бағаланып отыр. Бұл – елі­мізде құ­рылған білім саласындағы (EdTech) ком­па­ниялар арасындағы рекордтық көрсеткіш. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT